AI бюрократияны азайтып, мемлекеттік қызметті жеделдетеді

15.05.2026 16:58 Арман Ермеков
AI бюрократияны азайтып, мемлекеттік қызметті жеделдетеді
56
Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Жасанды интеллект мемлекеттік шешім қабылдау жүйесін түбегейлі өзгертіп, қағазбастылық пен жемқорлықты азайтуға септігін тигізбек, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстанда жаңа технологиялар мемлекеттік қызметтерді жеделдетіп, бюрократиядан арылтуға мүмкіндік береді. ІТ маман әрі «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Мейіржан Әуелханұлы үкімет жұмысына алгоритмдерді енгізудің тиімділігі мен қаупі туралы мәлімдеді.

Сарапшының сөзінше, жасанды интеллект болашақта мемлекеттік шешім қабылдауға араласады, бірақ нақты шекараны анықтап алу керек. ЖИ қазір де шешім қабылдауға қатысып жатыр — тек біз оны байқамаймыз. Мысалы, салық тәуекелдерін бағалау, әлеуметтік төлемдерге кімнің құқығы бар екенін есептеу, кеден тәуекелдерін сараптау — мұның бәрінде алгоритмдер жұмыс істейді. Бұл — техникалық, қайталанатын, көп деректі талдауды қажет ететін шешімдер. Мұнда ЖИ адамнан жылдамырақ, әділірек жұмыс істейді, өйткені шаршамайды, көңіл-күйі болмайды, таныстық жасамайды.

Бірақ маңызды шешімдер — заң қабылдау, бюджет бөлу, сыртқы саясат, азаматты бостандығынан айыру — бұларды ЖИ-ге беруге болмайды. Себебі мұндай шешімдерде құндылықтар таңдауы бар, ал ЖИ-де құндылық жоқ. Ол тек деректегі үлгілерді көреді. Қандай қоғам құрғымыз келетінін ЖИ шеше алмайды — оны халық пен оның сайлаған өкілдері шешеді.

Менің ұсынысым — «ЖИ ұсынады, адам шешеді» қағидасы. ЖИ нұсқаларды дайындайды, олардың салдарын болжайды, бірақ түпкі шешім — әрқашан жауапты адамда. Әйтпесе «алгоритм солай шешті» деп жауапкершіліктен қашатын мәдениет қалыптасады, ал бұл өте қауіпті.

AI технологиялары Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің жұмысын түбегейлі өзгерте алады. Біріншіден — қызметтерді алу жылдамдығы. Қазір eGov арқылы көп нәрсе бірнеше минутта реттеледі — бұл әлемдегі үздік тәжірибе. ЖИ оны одан әрі ілгерілетеді: азамат сұранысын жазбай-ақ, дауыспен қазақша айтып, дайын құжатты алады. Бюрократиялық тілді түсіну қажеттігі жойылады.

Екіншіден — проактивті мемлекет. Қазір азамат өзіне қандай жәрдемақы тиесілі екенін, қандай құжатты жаңарту керектігін өзі іздейді. ЖИ-мен жабдықталған мемлекет керісінше жұмыс істейді: жүйе өзі «сізге мынадай көмек тиесілі, мынау құжатыңыздың мерзімі бітеді» деп хабарлайды. Бұл — әсіресе цифрлық сауаты төмен қарт адамдар үшін үлкен өзгеріс.

Үшіншіден — мемлекеттік қызметкердің жұмысы өзгереді. Қағаз толтыру, есеп жазу, типтік сұрауларға жауап беру — мұның бәрі автоматтанады. Қызметкер күрделі, бейстандарт жағдайларға, азаматпен тірі қарым-қатынасқа уақыт бөле алады. Қызметкерлер саны азаюы мүмкін, бірақ сапасы артуы тиіс.

Тек бір ескерту: технология жұмыс істеуі үшін негіз керек — деректер сапасы, жүйелер арасындағы интеграция. Қазақстанда министрліктер арасында әлі де «деректер аралдары» бар: бір ведомство екіншісінің ақпаратын ала алмайды. Бұл шешілмесе, ЖИ-дің мүмкіндігі шектеулі болады.

Жасанды интеллект бюрократия мен жемқорлықты азайта алады, бірақ бұл — автоматты түрде болатын нәрсе емес, әрі ЖИ жемқорлықтың түбіне жетпейді.

Қалай көмектеседі: жемқорлықтың көп бөлігі адамның қалауымен шешім қабылдауынан туады. Чиновник «бұл құжатты бүгін қарайын ба, ертең бе», «бұл тендерді кімге берейін» деген таңдау жасайды — осы тұста «майлау» қажет болады. ЖИ бұл таңдауды алып тастайды: алгоритм кезек бойынша, белгіленген критерийлермен жұмыс істейді. Қазақстанда мемлекеттік сатып алу мен салық саласында осы бағытта алға жылжу бар.

Сонымен қатар ЖИ үлгілерді көреді: бір компания тендерлерді жүйелі жеңіп жүр ме, бір чиновниктің шешімдері статистикалық тұрғыдан қалыптан тыс ауытқи ма — мұны дереу анықтайды. Адам сараптаушы ондаған мың транзакцияны қарап шыға алмайды, ал ЖИ шығады.

Бірақ қателесуге болмайды: ЖИ — құрал, ол өзі шешпейді. Егер жүйені баптайтын адам жемқор болса, ол алгоритмді өзіне қажетті жаққа бұра алады. «Кездейсоқ тексеру» деп аталатын алгоритм белгілі бір адамдарды шынында кездейсоқ тексере ме? Бұл — техникалық сұрақ емес, саяси сұрақ. Сондықтан ЖИ ашық болуы керек: алгоритмдер аудиттен өтуі, тәуелсіз сарапшылар тексере алатын болуы тиіс.

Тағы бір нәрсе: жемқорлықтың түбі мәдениеттен, әлсіз институттардан, жазадан құтылып кету мүмкіндігінен туады. Бұларды ЖИ түзей алмайды. Ол — пышақ сияқты құрал: дұрыс қолда — ем, бұрыс қолда — жара.

Қазақстан AI енгізу жағынан басқа елдермен салыстыратын болсақ, орташа топта, бірақ салмағынан жоғары соғып жатыр.

Алда тұрған елдер: АҚШ пен Қытай — модельдерді жасайтын елдер, олардың деңгейіне жету ондаған жыл уақыт пен триллион доллар инвестицияны талап етеді, бұл — басқа лига. Содан кейін Сингапур, БАӘ, Оңтүстік Корея, Эстония келеді — олар модель жасамайды, бірақ ЖИ-ді мемлекетке ендіруде үлгілі.

Қазақстанның жағдайы: цифрлық қызметтер бойынша көптеген дамыған елдерден алда. eGov-тың кейбір мүмкіндіктері Германияда, Францияда да жоқ. Бұл — мақтанатын жетістік. Бірақ ЖИ-ге келгенде, әлі бастапқы кезеңдеміз: стратегия бар, кейбір пилоттар бар, бірақ ауқымды енгізу әлі алда. 2026 жылдың мамырында ғана білім беруге ЖИ енгізу туралы жарлық шығуы — бір жағынан жақсы қадам, екінші жағынан, басқа елдер мұны бірнеше жыл бұрын бастаған.

Артта қалу қаупі негізінен үш салада: біріншіден, өз модельдерімізді жасау — қазақ тілінде, өз контексімізде. Бұл болмаса, шетел компанияларына тәуелді боламыз. Екіншіден, кадр: ЖИ инженерлерін, деректер ғалымдарын дайындау. Үшіншіден, есептеу қуаты — заманауи ЖИ-ге арнайы инфрақұрылым керек.

Артықшылықтарымыз да бар: халықтың технологияны қабылдау деңгейі жоғары, жастар саны көп, цифрлық негіз қаланған. Дұрыс басқарылса, Қазақстан кейбір елдерден секіріп өте алады — өйткені артта тұрған мемлекеттердің ескі жүйелерден арылу проблемасы бар, бізде ол жоқ.

Жасанды интеллект дамыған сайын адамдардың жеке деректері бүгінгі деңгейде толық қорғалмайды.

Себебі ЖИ-дің табиғаты деректерге қанық. Қанша көп дерек болса, модель сонша «ақылды». Сондықтан компаниялар мен мемлекеттер дерек жинауға мүдделі — медициналық, қаржылық, мінез-құлық, биометриялық. Қазақстанда соңғы жылдары ірі ағып кету оқиғалары болды, бұл — жүйенің әлі осал екенін көрсетеді.

Бірақ қауіп бұл ғана емес. Бұрын дерек ағып кетсе, оны пайдалану қиын болатын. ЖИ енді шашыраңқы деректерден тұтас портрет құрап шығады: атыңыз бір жерде, телефоныңыз екінші жерде, дертіңіз үшінші жерде ағып кетсе — ЖИ үшеуін біріктіріп, толық досье жасайды. Бұл — жаңа дәуірдің тәуекелі.

Қорғану үшін не керек: біріншіден, заңнама. Қазақстанда «Дербес деректер туралы» заң бар, бірақ ол ЖИ дәуіріне бейімделмеген. Жаңартылуы керек: автоматты шешім қабылдау туралы, профильдеу туралы, азаматтың «маған қатысты шешімді алгоритм қабылдамасын» деуге құқығы туралы нормалар қажет. Еуропаның GDPR пен AI Act-ы үлгі бола алады.

Екіншіден — техникалық шешімдер. Деректерді жинамай-ақ оқыту әдістері бар (federated learning, differential privacy деген технологиялар). Әсіресе балалардың деректері тек жабық, жергілікті жүйелерде өңделуі керек, шетелдік серверлерге жіберілмеуі тиіс. Жарлықта бұл туралы айтылғаны жақсы, бірақ техникалық орындалуы қалай болатыны әлі белгісіз.

Үшіншіден — азаматтың өз сауаттылығы. Адам қай қосымшаға қандай рұқсат беретінін, қай сайтта қандай деректі қалдыратынын түсінуі керек. Мемлекет қанша қорғаса да, өзі ерікті түрде бәрін беріп жүрген азаматқа көмектесе алмайды.

Ашығын айтсам — біз ЖИ мен жеке деректер арасындағы тепе-теңдікті әлі толық таппаған дүниедеміз. Қазақстан да, әлем де. Бұл сұрақ алдағы он жылдықтың ең үлкен қоғамдық пікірталасына айналады.

Войдите, чтобы оставить комментарий