"Әкемнен көз жазып қалдым": Қытайда ұсталған қазақ жазушысының ұлы Ақордадан көмек сұрайды

15.06.2026 14:09 Абзал БАХЫТЖАНОВ
235
Фото: Азаттық Азия

Алматы облысының тұрғыны Нартай Жеңіс үш айдан бері әкесінен ешқандай хабар ала алмай отыр. Оның әкесі – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тұратын 57 жастағы белгілі сатирик-жазушы Жеңіс Ырысқанұлы. Бұл туралы "Азаттық Азия" хабарлады.

Биылғы 19 наурызда Қытай полициясы қаламгерді өз үйінен белгісіз бағытқа алып кеткен. Содан бері оның қайда екені жұмбақ. Бейресми деректерге сүйенсек, қазақ зиялысы Құмыл (Хами) қаласындағы түрмелердің бірінде отырған көрінеді.

Шарасыз күйге түскен Нартай Қазақстан Президентіне, Сыртқы істер министрлігіне және Астанадағы Қытай елшілігіне хат жазып, араша сұраған. Алайда әзірге ешбір мекемеден нақты жауап жоқ. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Пекинге ресми сауал жолдағанын мәлімдегенімен, көрші ел үнсіздік танытып отыр.

Фото: Азаттық Азия

Жақындарының айтуынша, жергілікті билік өкілдері жазушыны «мемлекет тұрақтылығына қауіп төндіретін радикалды көзқарасы бар» деп ауызша ғана айыптаған. Бірақ мұны растайтын ешқандай ресми құжат көрсетпеген.

Нартай бұл айыптаудың негізсіз екенін алға тартады. Оның әкесі – өмір бойы балалар әдебиеті мен сатира жанрында еңбек етіп, оқырманға күлкі сыйлаған қарапайым қаламгер. Жеңіс Ырысқанұлының осы уақытқа дейін 13 кітабы жарық көріп, оның басым бөлігі мемлекеттік баспалардан шыққан. Тіпті кейбір шығармалары қытай тіліне де аударылыпты.

«Ол Құмыл аймақтық жазушылар одағын басқарды, жергілікті әдеби журналдың редакторы болды. Мұндай адам қалайша мемлекетке қауіп төндіреді? Меніңше, оның жалғыз «кінәсі» – қазақ зиялысы болғаны», – дейді ұлы.

Осыған дейін Нартайдың қарындасы, Қазақстан азаматшасы Қытайға арнайы барып, әкесін іздеген. Алайда жергілікті полиция да, прокуратура да оған ешқандай ақпарат бермей, есіктен қайтарған.

Фото: Азаттық Азия

Нартайдың өзі Қытайға бара алмайды. Егер шекара асса, өзін де тұтқындап әкетуі әбден мүмкін екенін жақсы түсінеді. Артында әйелі мен үш баласы бар азамат мұндай тәуекелге бара алмай отыр.

Қазір Қытайда жазушының жұбайы (Нартайдың анасы) ғана қалған. Ол мектеп жатақханасында қарапайым күзетші болып жұмыс істейді. Қатаң бақылаудың кесірінен ана мен бала WeChat желісі арқылы емін-еркін, ашық сөйлесе алмайды.

«Біз бір-бірімізге әр екі сағат сайын чаттан «жүрекше» эмодзиін жіберіп тұруға келістік. Мен жіберемін, ол маған дәл солай жауап қатады. Егер бес сағаттан артық жауап болмаса, демек анама да қауіп төнгені. Қазір бар байланысымыз осыған ғана құрылған», – дейді ол.

Нартай Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим мен екі елдің тығыз қарым-қатынасын алға тарта отырып, Ақорда бұл іске ресми түрде араласса, әкесінің босап шығатынына үміттенеді.

«Менің талабым қарапайым: әкемнің қайда екенін білгім келеді. Мен басқа адамдар сияқты ата-анамның қасында тұрғым келеді. Мен балаларымның ата-әжесінің тізесінде отырып, оларды құшақтап, бір отбасы болып өмір сүргенін қалаймын. Менің ойымша, ата-анамсыз өмір сүрген он жыл ішінде менің өмірімнің бір бөлігін жұлып алғандай. Мен тек бір нәрсені сұраймын - Қытай билігі әкемді босатып, Қазақстанға келіп, бізбен бірге тұруға рұқсат беруі керек. Бұл туралы мен Қазақстан Президентіне, Сыртқы істер министрлігіне, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге ашық хат жолдадым. Көмек, жәрдем сұрады. Бірақ осы уақытқа дейін ешқандай жауап ала алмадым. Және менімен ешкім хабарласпады да», – дейді Нартай Жеңіс.

Войдите, чтобы оставить комментарий