Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды
«Қазақ еліне +1 миллиардер!» Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлеуметтік желідегі жазбасын осылай бастады. Ол Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығы берілгенін хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Министр Instagram парақшасында Машрабовпен бірге түскен суретін жариялаған. Суретте кәсіпкер қолына Қазақстанның жаңа төлқұжатын ұстап тұр.
Мәдиевтің айтуынша, Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 30 қазанда қол қойған.
– Президент жасанды интеллектіні дамытуға және таланттарды қолдауға ерекше мән береді. Біз болашақ технологияларын жасайтын мамандардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқанын қалаймыз, – деп жазды министр.
Жаслан Мәдиев кәсіпкердің жетістігі қазақстандық жастарға үлгі екенін атап өтіп, Машрабовқа Қазақстанды таңдағаны үшін алғыс айтты.
Алекс Машрабов – жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры. Отандық стартап әзірлеген Higgsfield AI платформасы жасанды интеллект көмегімен бейне және басқа да медиа мазмұн жасауға мүмкіндік береді. Оны студиялар, агенттіктер мен цифрлық контент жасаушылар пайдалана алады.
Higgsfield компаниясын құрғанға дейін Машрабов компьютерлік көру технологияларымен айналысатын AI Factory компаниясының да тең құрылтайшысы болған.
Алекс Машрабов бұған дейін Ресей азаматы болған.
Соңғы жаңалықтар