«Қазақмыс» Балқашта мазут шығынын 15 %-ға азайтты
Балқаш мыс балқыту зауытында бұрын жұмысшылар қолмен реттеп келген жұмысты енді автоматты жүйе атқарады. Жаңа технологияның арқасында мазут шығыны алдын ала есеп бойынша 15 %-ға қысқарған, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңалық зауыттағы №3 анод пешіне енгізілген. Оған отынның жануын автоматты түрде басқаратын екі жаңа оттық орнатылды. Жобаға 60,26 млн теңге жұмсалған.
Бұған дейін пешке берілетін мазут пен ауаның мөлшерін жұмысшылар өздері реттеп отырған. Соның салдарынан отын бірқалыпты жанбай, түтін шығып, күйе жиналатын.
Енді жаңа жабдық мазут пен ауаны қажетті мөлшерде өзі береді. Отынның қанша жұмсалып жатқанын да бақылайды. Ал пештің жұмыс көрсеткіштері белгіленген шектен ауытқыса, мазут беруді автоматты түрде тоқтатады.
Компанияның мәліметінше, бұл пештегі температураны бірқалыпты ұстап, отынды тиімді жағуға және жұмысшылардың қолмен атқаратын жұмысын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, зауытта әр қондырғының қанша мазут жұмсайтынын бөлек есептейтін жүйе іске қосылған. Осы арқылы отынның қай жерде артық жұмсалып жатқанын анықтап, анодты мыс өндіруге қажетті технологиялық талаптарды сақтауға болады.
Әзірге жаңа жүйе тек №3 анод пешінде жұмыс істеп тұр. Егер мазут шығынының азайғаны толық расталса, дәл осындай жабдықты №1 және №2 анод пештеріне де орнату жоспарланған.
Кейін кептіру пештеріндегі, Ванюков пештеріндегі және конвертерлердегі отын жағу жүйесін жаңарту мүмкіндігі қарастырылмақ.
«Қазақмыстың» хабарлауынша, бұл жұмыстар Балқаш мыс балқыту зауытын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жобаның мақсаты – өндірістегі отын шығынын азайтып, жабдықтардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Соңғы жаңалықтар