Әлемдегі ең қымбат банан ұрланды
Франциядағы Помпиду–Метц мұражайынан италиялық суретші Маурицио Каттеланның скотчпен қабырғаға жапсырылған, құны $6,2 млн тұратын әйгілі банан экспонаты ұрланды, деп хабарлайды Politico.kz.
France24 телеарнасының жазуынша, күзетші «Comedian» деп аталатын осы туындының жоғалғанын сенбі күні байқаған соң, мұражай келесі күні полицияға шағым түсірген.
Экспонаттың негізін құрайтын банан онсыз да әр үш күн сайын ауыстырылып тұратындықтан, мұражай қызметкерлері оның орнына бірден жаңасын іліп қойды.
Бұған дейін де көрмеге келушілер бұл жемісті бірнеше рет жеп қойған еді, тіпті 2024 жылы оның бір нұсқасын қытайлық криптомиллионер Джастин Сан $5,2 млн-ға сатып алып, камера алдында жеп қойған болатын. Алайда бұл жолы кінәлі тұлға анықталмағандықтан, мұражай басшылығы заңды шара қолдануды жөн көрді.
«Бұл жағдай екінші рет қайталанып отыр, сондықтан бұл өнер туындысына деген құрмет мәселесі», – деді мұражай әкімшілігі ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, Каттелан бұған дейін де Ұлыбританияда ұрланып, қайта табылмаған таза алтын дәретхананың авторы ретінде де танымал болған еді.
Соңғы жаңалықтар