Әл-Фарабидағы қайғылы апат: Тергеуде жаңа деректер белгілі болды

03.05.2026 10:00 Қарақат АСЫЛОВА
Әл-Фарабидағы қайғылы апат: Тергеуде жаңа деректер белгілі болды
209
Іс жаңа бап бойынша қайта сараланды

Алматы қаласының прокуратурасы Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған ірі жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің жаңа мәліметтерін жариялады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтемемен.

Қадағалаушы органның мәліметінше, үш адамның өмірін қиған апат бойынша қылмыстық іс енді Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен қаралуда. Бұл бап көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты. Аталған бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, сондай-ақ өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы көзделеді.

Сонымен қатар, бұл оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелген. Аталған іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша (қызметтегі әрекетсіздік, ауыр зардаптарға әкелген) тергелуде. Бұл бап бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салу қарастырылған.

Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар, бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетейік, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі (29 жаста) және оның екі жолаушысы (20 және 22 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Ал Zeekr көлігінің жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Тергеу жалғасып жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий