Алимент үшін жанжал: Рудный тұрғыны сот орындаушысына пышақпен шабуыл жасады

12.08.2026 23:26 Қарақат АСЫЛОВА
Алимент үшін жанжал: Рудный тұрғыны сот орындаушысына пышақпен шабуыл жасады
230
Ашық дереккөз

Қостанай облысында сот орындаушысына пышақпен шабуыл жасаған Рудный қаласының тұрғыны 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот үкімі алқабилердің қатысуымен шығарылды.

Сот мәліметінше, ер адам 2012 жылдан бері кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден қасақана жалтарып келген. Оның берешегі 9 миллион теңгеден асқан. Сот орындаушысы Жансұлу Хамзина қарызды өндіру үшін заң аясында тиісті шаралар қабылдаған.

2026 жылдың ақпанында ер адам әйелдің жұмыстан шығуын күтіп, соңынан аңдыған. Сот орындаушысы көлігіне отырған кезде, ол пышақпен шабуыл жасаған. Ер адам әйелдің мойны мен бет тұсына төрт рет пышақ сұққан.

Шабуыл кезінде пышақтың жүзі сынып, осы сәтті пайдаланған әйел қарсылық көрсетіп, көліктен шығып, көмек шақырған. Салдарынан сот орындаушысы беті мен сол білегінен жарақат алған.

Қылмыстан кейін күдікті оқиға орнынан қашып, қылмыс іздерін жасыруға тырысқан. Кейін полиция оны ұстады.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралып, ер адам сот орындаушысының өміріне қол сұққаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды.

Войдите, чтобы оставить комментарий