«Әкімдік қайда қарап отыр?!»: Алматыда егеуқұйрықтар қаптап кетті (ВИДЕО)

12.08.2026 21:21 Қарақат АСЫЛОВА
 «Әкімдік қайда қарап отыр?!»: Алматыда егеуқұйрықтар қаптап кетті (ВИДЕО)
160
Видеодан кадр

Алматы тұрғындары қаладағы егеуқұйрықтардың көбейгеніне шағымдануда, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желілерде кеміргіштердің дүкен витринасынан және Flow Park аумағындағы орындық маңынан жүргені түсірілген видеолар тарады.

Тұрғындардың шағымынан кейін аталған аумақта дератизация жұмыстары қайта жүргізілген.

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым басқармасының мәліметінше, кеміргіштердің негізгі мекен ету орындарында жоспарлы дератизация көктем мезгілінде өткізілген. Алайда Үлкен Алматы өзенінің батыс жағалауындағы, қазіргі таңда Flow Park құрылысы жүріп жатқан аумақ ол кезде қоршаумен жабық болғандықтан, өңделмеген.

Шілде айында тұрғындардан шағымдар түскеннен кейін саябақ аумағында қайта дератизация жүргізілген. Ал 11 тамызда аумаққа кезекті санитарлық өңдеу жасалды.

Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстардың мақсаты – кеміргіштердің санын азайтып, олардың тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге таралуына жол бермеу.

Әлеуметтік желідегі кадрлар тұрғындар арасында қызу талқыланып, қаладағы тазалық пен санитарлық жағдайға қатысты сұрақтар туғызды.

Войдите, чтобы оставить комментарий