"Аллаға сансыз мадақтар болсын": Гүлзира Айдарбекова сүйінші жаңалығын айтты
Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова жеке парақшасында немересіне арналған жаңа туындысын таныстырып, отбасындағы қуанышты жаңалығымен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бұл әнді немересі Рабия-Сұлтанға арнайы жаздырғанын және оның тыңдарманның да қуанышында шырқалуын тілейтінін жеткізді.
"Рабия-Сұлтан немереме осы әнді арнап едім, тыңдап көріп бағасын бере кетіңіздер. Оқып отырған әрбіріңіздің шаңырағыңызда ұрпағыңызбен мақтан етер той болсын. Көбіне елдер маған ырымдап, қыздарын ұзатқызып, бесікке салдырып не тұсауын кестіріп жатады ғой, бәлкім бұл ән сіздің де ұрпағыңыздың бесікке салу не тұсаукесер тойыңызда шырқалып қалар деген үміттемін", – дейді продюсер.
Сонымен қатар Гүлзира Айдарбекова жақында өткен отбасылық тойдың сәтті аяқталғанын айтып, көпшілікке алғыс білдірді.
"Аллаға сансыз мадақтар болсын, тойымыз ойдағыдай өтіп, келген қонақтарымыз үйлеріне аман-есен оралды. Сіздердің бізбен болып, өз отбасыларыңыздың тойындай біріңіз талқылап, біріңіз ізгі тілек айтып отырғандарыңызға да үлкен рақмет", – деп жазды ол.
Соңғы жаңалықтар