Алмат Сақатов: 5 мың адам намаз оқып жатқанда душта тығылып отырдым

24.09.2026 18:33 Томирис САҒЫНДЫҚ
Алмат Сақатов: 5 мың адам намаз оқып жатқанда душта тығылып отырдым
144
Фото: altainews.kz сайтынан алынды

Өнер иесі, актер Алмат Сақатов жастық шағындағы өмірлік сынақтары, ішімдікке тәуелділікпен күресі және анасын Меккеге апару сапары туралы ашық айтты. Актер өз сөзінде өткен күннің қателіктері мен ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы актер «Әңгіме бар» подкастында айтты.

«Ішіп алып рөлге отыру... Қазір отырмаймын. Бұрын, жас кезімізде, қаланың ішін аралап жүргенде бір-екі рет отырғанбыз. Тентектігіміз болды, ол 1990-жылдары ғой. Бірақ қатты мас болып емес, сыра ішіп солай жүрген кезеңдер болды. Оны несіне жасырамын? Жоқ, мен әкем өмірден кеткеннен кейін барып ішімдікке салындым, сондай ортада болдым. Оған дейін, әкемнің тірі кезінде тығылып, анда-санда жарты стақан сыра ішіп жүретінмін. Өйткені мен ішімдіктен алыс болдым, спортпен айналыстым. Темекіні де 30 жастан асқан соң бірақ шектім», — деді Алмат Сақатов.

Өнер иесі «Бауыржан шоу» театры жабылғаннан кейінгі кезең мен той бизнесіндегі дәурендеген шақтарын еске алды.

«Енді, «Бауыржан шоуды» 2004-2005 жылдары жаптық. Мықты театр болып тұрған жерден жаптық. Одан мықты театр жоқ, Мұхтар Әуезов немесе Ғабит Мүсірепов театрына бара алмайсың, себебі біз — эстрада актерлеріміз. Не істейміз? Ол кезде біз тойға шықтық. Әр тойымызға 5000-7000 долларға баратын кездер болды. Көл-көсір ақшамен дәурендеп жүргенде мұндай жағдайлар көп қой... Тойды дүйсенбіден бастайтынбыз: Ақтау, Атырау... Мен Ақтау мен Атыраудың ортасында бір ай бойы тойда жүрдім. Ол кезде түріміз бар, ажарымыз бар, әзілге жақынбыз, тамада болып жүрген жас кезіміз», — деді актер.

Сонымен бірге актер тынымсыз жұмыс пен шаршаудың салдарынан араққа тәуелді болып қалғанын және оның отбасына тигізген әсерін де жасырмай баяндады.

«Шаршағаннан кейін араққа сала бастадық. Арақ ішсең, жеңілдеп қалғандай боласың, шаршамайсың. Сөйтіп жүріп, ақырындап адам қораға кіреді екен. Бір күні қарасам, арақсыз той басқарғым келмейтін болыпты. Содан кейін анамның көзінше мас болып көрінбегеніммен, үйге мас болып баратынды шығардым. Тіпті екі-үш күн үйге бармай қоятынмын. Содан қарындасым жылап келіп: «Мен сені психологқа апарамын» деді. Қайдағы психолог? Содан ол: «Онда мынауыңды қой» деп айтты», — деді Алмат Сақатов.

Одан бөлек ол анасының тілегімен Меккеге барған сапары мен сол кездегі рухани ішкі күйі туралы айтып берді.

«Сөйтіп жүргенде, анам маған: «Мені Меккеге апар» деді. Мен өзім де дайын емеспін, бірақ Меккеге апардым. Ештеңеге дайын емеспін, бірде-бір сүре білмеймін. Әуежайдан Жиддаға түскенде, бірінші намаз басталған кезде душтың ішіне тығылып отырдым. Өйткені ол жердегі адамдардың бәрі намаз оқиды, сол үшін барады ғой. Бүкіл әуежайда, 5000 адам намаз оқып жатқанда, бір адам душтың ішінде тығылып отыр. Іштей: «Осылай 13 күн бойы тығылып отырамын ба? Намаздан қашып тығылғаным несі?» деп ойландым. «Қой, бұл болмайды» дедім де, өзімнен де кішкентай балаларға барып: «Не істесем болады?» деп жалындым. Олар: «Қойсаңызшы, сізді бәрі таниды, бәрі сыйлайды. Анаңызды қажыға алып келе жатып, қалай білмейсіз?» деді. «Білмеймін» дедім. Сөйтіп, олар маған «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелерін жазып берді де: «Жаттаңыз» деді. Солай Жиддадан Меккеге барғанша екі сүрені жаттап алдым», — деді Алмат Сақатов.

Сөз соңында Алмат Сақатов қазіргі таңда намаз оқымайтынын ашық айтып, оның себебін түсіндіріп өтті.

«Жоқ, қазір намаз оқымаймын, өтірік айтпай-ақ қояйын. Анам намазда, мен анамды апардым. Сол жақта жүргенде намазды қаза қылмай оқыдым, елге келгеннен кейін де бір айдай оқып жүрдім. Бірақ Мен Қағбада отырғанда да, кетерде де: «Уа, Алла Тағала, мен қателіктерді көп жіберемін. Тойларда жүремін, арақтың ортасында жүремін, ішімдік ішетін достарым бар. Осы намазды оқымай-ақ қояйыншы» деп айттым. Өзіңмен-өзің сөйлесе бересің ғой. Сол себепті елге келгенде де бір айдай оқып, өзімді сынап көрдім. Одан кейін ақырындап сирей бастады, екі-үш айдан соң мүлде тоқтады. Бір күні Фатима мешітіне барып, жұма намазынан кейін Алладан кешірім сұрап: «Осы жерден тоқтатайыншы» дедім. Басқаға өтірік айтсаң да, өзіңе өтірік айта алмайсың ғой. Солай, анда-санда іштей сөйлесіп тұрамын, әкемнің басына барып та айтамын...» — деді Алмат Сақатов.

Войдите, чтобы оставить комментарий