Гәстрөлде қыздармен жүріп әйелімді көп ренжіттім — Алмат Сақатов
Өнер иесі, актер Алмат Сақатов отандық бағдарламалардың біріне берген сұқбатында жастық шақта жіберген қателіктері, отбасылық өмірдегі жауапкершілік пен жұбайына деген қарым-қатынасы туралы айтып берді. Актер сөз арасында өткенге деген өкінішін жасырмай, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты сақтаудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы актер «Әңгіме бар» подкастында айтты.
Алмат Сақатов жас кезіндегі танымалдылық пен гәстрөлдік сапарлардың отбасына тигізген әсері, сондай-ақ жұбайының алдындағы өкініші туралы сөз қозғады.
«Әйелімді өте көп ренжіттім, тентек болдым, қыздармен көп жүрдік. Гастрольде көп жүрдік. Халық сүйетін мыкты, нөмірі бірінші шоу болдық. Топырлаған қыз-қырқын... Біз өзімізді бір сері сезіндік. Бірақ үйде ұл тауып беріп отырған, қыз тауып отырған әйеліңнің отырғанын айлап ұмытып кететін кезіміз болған. (...) Сол сияқты, қарсы сөйлеп: «Мынауың дұрыс емес, мынаны бүйтпейсің бе?» дегенде, өзіміздің қателігімізді біле тұра, соны мойындамау үшін бір-екі рет сілтеп жіберген кезіміз де болды. Өкінемін, әрине. Иә, мен нағыз есі дұрыс күйеу болған жоқпын. Гүл алып, сыйлық алып, әйеліңнің алдына барып: «Кешір» деп айтып көрмеппін. Табиғатымда жоқ ол. Мен өзімнің жұмысыммен, қылығыммен... Әйелді сыйлықпен кешірімін алуға болады, бірақ ол — уақытша. Сен оның жүрегіне жылдап қадаған шегелерді бірден суыра алмайсың ғой. Оған уақыт керек», — деді актер.
Сонымен бірге актер отбасылық үйлесімді қайта қалпына келтіру жолдары мен ер азаматтың отбасындағы міндеттеріне тоқталды.
«Біріншіден, сен оған айтқанына көп көнгенмен, басыңа шығармай, сәл иыққа жеткізіп ұстап отыратын өзіңде бір философияң болу керек. Екіншіден, әйелмен мынау кешірімге жақындататын — төсек. Әйеліңмен төсегің жақсы болу керек. Қай кезде де, келіп тұрған кезде, оған «Қойшы, шаршап жатырмын, анадай-мынадай» деген... Енді ұлы сөздің ұяттығы жоқ, әйелмен еркектің ортасында болатын нәрсе ғой. Кешірімге жақындататын — сол. Сол нәрсе жақсы болса және өзің оған жақсы болсаң, балаңа дұрыс қарасаң және, ең бастысы, ерінбей ақша тапсаң... Оның бәрін алып келген кезде, шешесін сыйлау, бауырларына көмектесу деген сияқты, сол арқылы сен оның жүрегіне баяғыда мұздатып тастаған, морозильникке салып қатырып тастаған жүрегін ақырындап жібітесің», — деді Алмат Сақатов.
Сөз соңында өнер иесі жас ұлғайған сайын жұбайлар арасында пайда болатын сезім мен «екінші махаббат» ұғымын түсіндіріп өтті.
«Содан кейін, негізі, мынау «екінші махаббат» деген болады. Уақыты келеді. Сен әйеліңнің кәрілігін көрмейтін кезің болады. Ұнайды да: оның фигурасы ұнайды, жүргені ұнайды, қарағаны ұнайды. Тойда отырған кезде кейде өйтiп әйеліңе қарап қалатын кездерің болады. Маған айтады: «Не қарап отырсың?». «Жәй» дейсің, айтпайсың ғой енді. Былай қарап отырасың да, бұрынғы жас кезіндегі әдемілік жоқ та, андай елуден асқан, толған, толысқан бір нақты әдемілік бар да. Соны көресің сен әйеліңнен. Содан кейін оған ғашық боласың, жақсы көресің. Одан кейін ұрысасың, әлі де ұрысамыз ғой енді. Ұрысасың, адам болған соң», — деді актер.
Соңғы жаңалықтар