Дәрігерлер бас сүйегі бірігіп туған егізді сәтті ажыратты

24.09.2026 18:41 Томирис САҒЫНДЫҚ
Дәрігерлер бас сүйегі бірігіп туған егізді сәтті ажыратты
108
Фото: CBS News сайтынан алынды

Сент-Луис қаласындағы балалар ауруханасында жасалған күрделі медициналық отадан кейін екі жасар сиам егізі өмірлерінде алғаш рет бір-бірінің жүзін көрді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы cbsnews.com сайты жазды.

Хияб пен Вухбто есімді қыздар Эфиопияда «краниопаг» деп аталатын сирек кездесетін диагнозбен туған, яғни олардың бас сүйектері қарама-қарсы бағытта бірігіп өскен. Ұлттық медицина кітапханасының мәліметінше, мұндай жағдай сиам егіздерінің арасында 6 пайыздан аз кездеседі, бұл — шамамен 2,5 миллион дүниеге келген сәбидің біреуінде ғана болатын сирек құбылыс.

Екі жылға жуық уақыт бойы қыздар бір-бірінің даусын естігенімен, дидарласа алмаған. SSM Health Cardinal Glennon балалар ауруханасы өкілдерінің айтуынша, оларды бұл күйде қалдыру денсаулықтарына елеулі қауіп төндірген.

Егіздер 2025 жылы АҚШ-қа жеткізілді. Аурухананың 30-ға жуық медицина маманынан құралған тобы оларды ажырату бойынша жауапкершілігі жоғары, күрделі отаны жоспарлауға бір жылға жуық уақытын арнады. Бұл бастамаға педиатриялық мекемелер мен қайырымдылық ұйымдарының жаһандық желісі қолдау көрсетті. Ал қыздардың ата-анасы виза ала алмағандықтан, балалар АҚШ-қа қамқоршысымен бірге келді.

Ақпан айында жасалып, 25 сағатқа созылған отаның сәтті өткені сәрсенбіде ресми түрде жарияланды. Хирургтерге балалардың ортақ қан тамырларын аса ұқыптылықпен бөлуге тура келді. Ота жасаған хирургтер тобының жетекшісі, АҚШ-та мұндай отаны жүргізген алғашқы әйел нейрохирург д-р Джоанна Кемптің айтуынша, қыздардың миы негізінен бөлек болғанымен, бірігіп кеткен шағын бөліктерді де ажыратуды мұқият жоспарлау қажет болған.

«Ота аяқталып, олардың бір-бірінен бірнеше метр қашықтықта бөлек жатқанын көру өзгеше әсер қалдырды. Мұны көргенде бәріміз бір сәт аң-таң болып, тосылып қалдық», — дейді д-р Кемп.

Аурухана қыздардың емделу жолындағы маңызды белеске жеткенін мәлімдеді. Жақында Вухбтоның бас сүйегін қалпына келтіру үшін сәтті краниопластика жасалды, ал Хиябқа дәл осындай ота осы күздің соңында жасалады.

Войдите, чтобы оставить комментарий