«Тежегіші істен шықты ма?»: Алматыда жүк көлігі аударылып, жүргізуші қаза тапты
Алматы қаласының таулы аймағында ауыр жүк көлігі апатқа ұшырап, жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға Нұрмағамбетов көшесінің төменгі бағытында болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, құрылыс материалдарын тасымалдап келе жатқан жүк көлігі еңіс жолда басқарудан шығып кеткен. Болжам бойынша, көліктің тежегіші істен шыққан болуы мүмкін. Соның салдарынан жүк көлігі қарсы бағытқа өтіп, жол бойындағы қоршауды, бірнеше ағашты және су құбырын қиратқан. Кейін көлік аударылып, жақын маңдағы Offtop клубының аумағына кіріп кеткен.
Апат салдарынан жүргізуші көлік кабинасында қысылып қалып, оқиға орнында қайтыс болды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл аймақта мұндай жағдайлар жиі қайталанады. Олар құрылыс нысандарынан ауыр жүк көліктері жоғары жылдамдықпен түсіп, қауіп төндіретінін алға тартады. Кейде жүк көліктерінен тас пен топырақ шашылып, айналадағы адамдарға қауіп туғызады.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Тиісті органдар тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Соңғы жаңалықтар