Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға үкім шықты
Алматыда жалған ақпарат таратты деп айыпталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға сот үкімі шығып, ол 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алмалы аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес кінәлі деп таныды. Негізгі жазадан бөлек блогерге 5 жыл бойы қоғамдық-публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынып, жәбірленушілерге 6 млн теңге көлемінде өтемақы мен сот шығындарын төлеу міндеттелді.
Бұл іс бойынша Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Узабаев пен әкімшілік полиция басқармасының экс-басшысы Серік Шумаев жәбірленуші деп танылған. Олардың әрқайсысы моральдық шығын үшін 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңгеден өндіруді талап еткен болатын.
Еске салайық, блогер 30 наурызда қамауға алынған еді. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Әл-Фараби даңғылында 3 адам қайтыс болған жол апатынан кейін ол бейнежазба жариялап, онда жоғары лауазымды полицейлер кәсіпкерлердің балаларына қамқорлық жасауы мүмкін екенін айтқан.
Дегенмен Әділетхан Молдаханның ағасы Дәулетхан Ахметов әлеуметтік желіде қорғаушылардың апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Олар бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстыруға күш салмақ.
Соңғы жаңалықтар