Алматыда егде әйелді соққыға жыққан жігіт қайтадан сотталды

10.09.2026 10:17 Қарақат АСЫЛОВА
Алматыда егде әйелді соққыға жыққан жігіт қайтадан сотталды
260
Фото: 1gai.ru

Алматыда егде жастағы әйелді себепсіз соққыға жыққан 26 жастағы Илья Терёновке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше бұзақы 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оқиға биылғы сәуір айында болған. Желіде жас жігіттің көшедегі зейнеткерге кенеттен шабуыл жасаған видеосы тарады. Ол жәбірленушіні қол-аяғымен ұрып, оқиға орнынан қашып кеткен. Кейін көрші дүкеннің камерасынан оның басқа әйелдің де соңынан еріп, құрбанын іздегені анықталды. Алайда ол адамдар көп жерді көріп, басқа бағытқа бұрылып кеткен.

Полиция шабуыл жасаған адамды тез тапты. Өйткені ол құқық қорғаушыларға бұрыннан таныс. Терёнов бұған дейін адам өлтіргені және денсаулыққа ауыр зақым келтіргені үшін жауапқа тартылған.

Белгілі болғандай 2020 жылы оның үйіне екі ер адам басып кірген. Олар жігіттің анасын жұмыс істейтін мейрамханасынан ірі көлемде ақша ұрлады деп айыптаған. Агрессивті қонақтар темір есікті бұзып кіргенде, 20 жастағы Илья оларды пышақпен қарсы алған. Ол шабуылдаушының бірін өлтіріп, екіншісін қатты жарақаттаған.

Сот оның өз отбасын қорғағанын, бірақ шектен шыққанын растап, екі жылға соттаған болатын. Сол кезде сотталушының психикалық саулығы да тексеріліп, ақыл-есі дұрыс деп танылды. Түрмеден шыққаннан кейін ол биылғы сәуірге дейін тыныш жүрген.

Көшедегі әйелді сабағаннан кейін ол бірден ұсталып, кінәсін толық мойындады. Оған бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтірді деген айып тағылды. Заң бойынша Терёновке 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнген еді.

Алайда судья Қуаныш Терлікбаев оны қауіпсіздігі барынша жоғары колонияға 1 жылға қамау жеткілікті деп шешті. Сондай-ақ сотталушы жәбірленушіге емделу шығыны, адвокат қызметі және моральдық өтемақы ретінде 1,5 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий