Алматыда инсульт алған жігітке жедел жәрдемнің орнына полиция шақырған

28.11.2025 16:10 Мөлдір Талғат
Алматыда инсульт алған жігітке жедел жәрдемнің орнына полиция шақырған
0
180
Фото: Әсел Әбдірахманованікі. Суретте: марқұм Жандос

Алматы қаласындағы Mysato мейрамханасында денсаулығы күрт нашарлаған 26 жастағы Жандосқа мекеме қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетудің орнына полиция шақырғаны белгілі болды, деп жазады POLITICO.KZ.

Бұл туралы марқұмның туыстары мәлімдеді. Спорт жаттықтырушысы Жандос жарыстан кейін оқушысымен бірге түскі асқа кірген, алайда мейрамханада кенеттен құсып, жағдайы ауырлай бастаған. Кейін дәрігерлер оның инсульт алғанын анықтады. Жандостың әпкесінің айтуынша, мейрамхана қызметкерлері жедел жәрдем шақырмай, өздерінің міндетіне жатпайтын әрекетке барып, полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары оны мас адамдарды уақытша бейімдейтін орталыққа жеткізген, бірақ бұл туралы туыстарына хабарланбаған. Оның жақындары Жандос алкоголь тұтынбағанын айтады.

Әке-шешесі баласын өз күштерімен медициналық мекемеге жеткізіп, МРТ жасатқан кезде оның миына қан құйылғаны белгілі болған. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасаса да, Жандос комаға түсіп, сегіз күннен кейін көз жұмған. Туыстарының айтуынша, полиция бұл оқиға бойынша әлі ресми қылмыстық іс қозғамаған, ал құзырлы органдар бір-біріне сілтеп отыр. Марқұмның жақындары істің әділ тергелуін, жауапты тұлғаларға нақты құқықтық баға берілетінін талап етуде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий