Алматыда көпқабатты үй өртенді
Алматының 5-шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан көпқабатты үйдегі өрт пен өрт сөндірушілердің жұмысы көрінеді, деп хабарлайды Politico.kz
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт туралы шақырту 27 қаңтар күні сағат 22:15-те түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері Әуезов ауданындағы бес қабатты тұрғын үйге жедел жеткен.
Оқиға орнына келген кезде үшінші қабаттағы пәтердің бөлмесі мен балконы отқа оранғаны анықталған. Сондай-ақ жалын жоғары қабаттағы пәтердің балконына да тараған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 15 шаршы метрді құрады.
Өрт сағат 22:48-де, яғни алғашқы бөлімшелер келгеннен кейін 24 минут ішінде толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Департамент өкілдерінің айтуынша, өрттің жылдам ауыздықталуы оның басқа пәтерлерге таралуына жол бермеген. Оқиға орнында 11 құтқарушы және 3 арнайы техника жұмыс істеген.
Соңғы жаңалықтар