Алматыда көшелердің біріне Мұхтар Шахановтың аты берілуі мүмкін. Петиция әкімдіктің назарына ілікті

27.04.2026 16:02 Арман Ермеков
Алматыда көшелердің біріне Мұхтар Шахановтың аты берілуі мүмкін. Петиция әкімдіктің назарына ілікті
547
Politico.kz | ЖИ арқылы жасалған сурет

Алматыда қоғам белсенділерінің талабынан кейін қаладағы көшелердің біріне Мұхтар Шахановтың есімін беру мәселесі қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша желідегі халықтың өтінішінен кейін бұл ұсыныс заң аясында тиісті органдардың талқылауына жіберіледі.

«Ақынның ұлттық мәдениет пен әдебиетке қосқан үлесін лайықты бағалау, оның шығармашылық мұрасы мен өмір жолын өскелең ұрпақ арасында дәріптеу, сондай-ақ оған құрмет көрсету біздің ортақ міндетіміз, қаладағы көшелердің біріне Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы мәселе қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдар мен комиссиялардың қарауына енгізілетін болады», - деді Бақыт Қалымбет.

Оның сөзінше көше атауын өзгерту кезінде халықтың пікірін ескеру үшін бұл мәселе алдымен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралып, оның хаттамасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Осыдан кейін қалалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы алынып, әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімімен ұсыныс республикалық деңгейге жолданады.

«Құрамында көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар республикалық ономастика комиссиясы қарағаннан кейін оң қорытынды шықса өзінің келісімін береді, тек осыдан кейін ғана көшеге атау беру немесе қайта атау туралы әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады», - деп хабарлады бөлім басшысы.

Дегенмен әкімдік еліміз бен әлем алдында ерекше еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың есімін елді мекендер мен көшелерге беру олар қайтыс болғаннан кейін кемінде 5 жыл өткен соң ғана рұқсат етілетінін еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсенділері Алматыдағы көшеге ақынның есімін беруді сұрап арнайы онлайн петиция жариялаған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий