Алматыда LRT желісі жоспарланған уақыттан бұрын 2027 жылы іске қосылады

11.08.2026 23:25 Қанат Айбар
Алматыда LRT желісі жоспарланған уақыттан бұрын 2027 жылы іске қосылады
199
Ашық дереккөздерден

Алматы әкімдігі жеңіл рельсті көлік желісінің бірінші кезеңін бұрын жоспарланған 2029 жылдың орнына 2027 жылдың соңына дейін іске қосуды көздеп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жергілікті билік өкілдері бұл мәлімдемені шілде айының ортасында жасағанымен жаңалық көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бастапқыда құрылыс жұмыстарына 2027 жылдың сәуірінен бастап екі жыл уақыт бөлініп, бағыт 2029 жылдың сәуір айында ашылады деп күтілген еді, алайда қазір жобаны іске асыру мерзімі айтарлықтай қысқарып отыр.

Ұзындығы 18,3 шақырымды құрайтын жаңа көлік бағыты Алатау ауданындағы индустриялық аймақтан басталып, Момышұлы, Төле би және Абылай хан көшелері арқылы «Алматы-2» вокзалына дейін жалғасады. Жобаға сәйкес алматылық LRT негізінен жер үстімен жүретін болады және көшелерде артық сымдардың тартылуын болдырмас үшін бекеттерде қуатталатын аккумуляторлы құрамдарды пайдалану нұсқасы қарастырылып жатыр.

Қазіргі уақытта ауқымды жобаға дайындық жұмыстары басталып кеткен. Нақтырақ айтқанда ескі трамвай рельстері мен тіреуіштері бұзылып, жаңа трассаның бойынан 270 жер телімін алу рәсімдері жүргізілуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий