Алматыда Қырғызстанның экс-премьерінің баласы қамалды
Қырғызстанның бұрынғы үкімет басшысы Данияр Үсеновтің ұлы Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Kaktus.media басылымы.
Дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, Ұрмат Үсеновпен бірге қырғыздың екі азаматы және қазақстандық бір тұрғын заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты әрі трансұлттық қылмыстық топ құрды деген күдікке ілініп отыр. Осыған байланысты Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 10 наурызда күдіктілерді екі айға қамауға алуға санкция берді.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының есебі бойынша, заңсыз әрекеттерден мемлекетке 26 млн теңге көлемінде шығын келген. Тергеу барысында салмағы 1,6 тоннадан асатын қорқор темекісі тәркіленді, оның жалпы құны 46 млн теңгеден асады деп бағаланып отыр.
Еске сала кетейік, күдіктінің әкесі Данияр Үсенов 2009-2010 жылдары Құрманбек Бакиевтің тұсында Қырғыз үкіметін басқарып, сәуір революциясы кезінде қызметінен кеткен болатын. Кейіннен ол Даниил Урицкий деген атпен жаңа төлқұжат алып, 2017 жылдан бері Беларусь еліндегі ірі мемлекеттік корпорацияны басқарып келеді. Қырғыз билігі оны экстрадициялауды бірнеше рет талап еткенімен, Минск жағы үнемі бас тартып отырды. Бұған дейін сол кездегі президент Құрманбек Бакиев те Лукашенконың оларды қайтарып бермейтінін айтқан еді.
Соңғы жаңалықтар