«Ешқайда бармайсың, осында отыр»: Лукашенко Бәкиевті қырғыздарға бермейтінін айтты
Беларусь басшысы Александр Лукашенко Бішкекке жасаған сапары барысында Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бәкиевтің қазіргі жай-күйі туралы сөз қозғап, оны отанына қайтару мәселесіне қатысты айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Лукашенко журналистермен әңгіме барысында саяси қуғындағы әріптесін қырғыз билігіне ұстап беру ойында жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, Бәкиевтің қазіргі тұрмысы жаман емес, бірақ қозғалысына шектеу қойылған.
«Бәкиевтің жағдайы жақсы. Тұрмысы түзу. Біз оны сіздерге жібермейміз. Мен оған: "Ешқандай сапар жоқ, доғар! Беларусьте тыныш өмір сүр" деп айттым. Ара-тұра шақырған кезде үйіне қонаққа барып тұрамын. Сондықтан оны сіздерге береміз деген әңгіме жоқ», — деді Лукашенко.
Дегенмен, Беларусь басшысы экс-президенттің ішкі күйзелісін де жасырмады. Бәкиев туған жерін сағынып, әкесінің басына барып құран оқысам деп армандайды екен.
«Ол елін қатты сағынады, күйзелісте жүр. Маған үнемі "әкемнің моласына барып қайтсам" деп мұңын шағады. Шыны керек, қырғыздардың өз президентіне әкесінің қабіріне баруға рұқсат бермеуі — үлкен ұят, масқара жағдай. Бұл мәселені елдің қазіргі басшылығымен ақылдасып, бір шешімін табамыз деп ойлаймын», — деп қосты ол.
Еске сала кетейік, Құрманбек Бәкиев 2010 жылғы Сәуір төңкерісі кезінде биліктен тайдырылып, елден қашуға мәжбүр болған. Сол жылы Александр Лукашенко оны паналатып, саяси баспана берген еді.
Оқи отырыңыз: ҰҚШҰ-ның жаңа басшысы кім? Бішкектегі жиында маңызды шешім қабылданды.
Соңғы жаңалықтар