Алматыда тұрақтағы көліктердің кесірінен әйел үй ауласында босанды
Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Шұғыла ықшамауданында жедел жәрдем қызметінің мамандары әйелді көпқабатты тұрғын үй кешенінің ауласында босандырып алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге шақырту таңғы сағат 06:21-де түскен. Медициналық бригада оқиға орнына 10 минут ішінде жеткенімен, сол сәтте әйелдің толғағы күшейіп, босану процесі басталып кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, ауланың көліктерге толып кетуіне байланысты жедел жәрдем көлігі шақырту орнына өте алмаған. Соның салдарынан дәрігерлер нәрестені жедел жәрдемнің зембілінде дүниеге әкелуге мәжбүр болған. Дүниеге дені сау қыз бала келді.
Аталған оқиғадан кейін тұрғындар ықшамаудандағы автотұрақ мәселесін қайта көтерді. Олардың сөзінше, құрылыс салушы компания жеткілікті тұрақ орындарын қарастырмаған, ал ауданның қарқынды дамуы көлік санының артуына әкелген.
Тұрғындардың айтуынша, көліктердің бейберекет қойылуы тек жедел жәрдемнің ғана емес, өрт сөндіру және басқа да арнайы қызметтердің қозғалысына кедергі келтіреді. Олар қала билігін мәселені шұғыл шешіп, төтенше жағдай қызметтері үшін еркін жүріп-тұруға жағдай жасауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар