Ақтауда алаяқтар зейнеткерді жалғыз баспанасынан айырды

28.06.2026 14:22 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтауда алаяқтар зейнеткерді жалғыз баспанасынан айырды
213
Фото: shutterstock.com
SMS-кодты айтқан зейнеткер пәтерінен де, ақшасынан да айырылды

Ақтауда телефон алаяқтарының құрбаны болған зейнеткер отбасы үш бөлмелі пәтерінен айырылып қалды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Lada.kz-ке сілтемемен.

Алаяқтар әйелді психологиялық қысымға алып, баспанасын арзан бағаға сатқызып, түскен барлық ақшаны өздерінің есепшоттарына аудартқан.

Оқиға 23 маусым күні басталған. Белгісіз адам өзін есептегіш құралдарын тексеру қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелге хабарласқан. Әңгіме барысында ол SMS арқылы келген кодты айтуды сұрап, әйел оның талабын орындаған. Қызы Екатерина Сергееваның айтуынша, осыдан кейін алаяқтар анасымен үнемі байланыста болып, не істеу керектігін айтып отырған. Олар әйелді қорқытып, ешкімге ештеңе айтпауға көндірген.

Кейін қаскөйлер әйелден пәтердің суреттерін жіберуді сұрап, оның атынан баспананы сатылымға шығарған. Нарықтағы бағасынан әлдеқайда төмен – 8,5 миллион теңгеге қойылған үш бөлмелі пәтерге сатып алушы бірден табылған.

25 маусым күні тараптар нотариусқа барып, сатып алу-сату келісімшартына қол қойған. Сатып алушы әйелге 8,5 миллион теңгені қолма-қол берген. Алайда көп ұзамай алаяқтар қайта хабарласып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударып, түпнұсқалығын тексеру қажет екенін айтқан. Соның салдарынан зейнеткер банкомат арқылы барлық қаражатты бірнеше аударыммен белгісіз есепшоттарға жіберген.

Тек келесі күні ғана әйел өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген. Қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, зейнеткер жәбірленуші деп танылған.

Отбасы енді сот арқылы пәтерді қайтаруға тырысып жатыр. Туыстары сатып алушыға төленген 8,5 миллион теңгені қайтарып, мәмілені өзара бұзуды ұсынғанымен, ол бұл ұсыныстан бас тартқан.

Қазіргі уақытта отбасы сотқа талап арыз дайындап, жалғыз баспананы қайтару үшін адвокат жалдауға қаражат жинап жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий