Алматыда ұсталған танымал заңгер Әділетхан Молдахан бұрын сотталған болып шықты

31.03.2026 13:47 Әсел Мұрат
Алматыда ұсталған танымал заңгер Әділетхан Молдахан бұрын сотталған болып шықты
675
Фото: Әлеуметтік желіден

Алматы қалалық полиция департаменті редакциямызға күні кеше ұсталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның бұрын сотталғанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Полицияның мәліметінше, ол бұрын ақша жымқырғаны үшін сотталған.

«Аталған тұлғаның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын хабарлаймыз. Сот үкімімен ол адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылған», - делінген полиция хабарламасында.

Оқиға 2023 жылдың наурыз айында болған. Ол алдын ала рөлдерді бөлісіп, адамдар тобымен бірлесіп, тұрғын үй сатып алу үшін ақша алып келген азаматқа шабуыл жасаған. Қылмыстық ойларын жүзеге асыру мақсатында күдіктілер жәбірленушінің автокөлігін аңдып, әдейі тоқтатып, келісілген түрде күш қолданып, ірі көлемдегі ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Қылмыстық істі қарау нәтижесінде сот оған пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Сондай-ақ департамент Әділетхан Молдаханның бұрын ішкі істер органдарында қызмет еткенін, бірақ теріс себептермен жұмыстан қуылғанын да атап өтті.

«Аталған тұлға өз әрекеттерімен полиция қызметкері атағын абыройсыздандырып, ант пен қызметтік ар-намысқа нұқсан келтірген. Осыған байланысты оған қатысты қағидатты кадрлық шешімдер қабылданған», - деп атап өтті полициядағылар.

Еске салайық, 31 наурыз күні блогер қайтадан қамауға алынды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алдын ала мәлімет бойынша, заңгердің ұсталуына оның әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратты деген күдік себеп болған. Ол Алматыда болған жантүршігерлік жол апаты туралы сұмдық деректер айтқан еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий