Алматыдағы алқалы жиын қаржы саласын жаңа белеске көтеруге серпін берді

25.11.2025 18:44 Арман Ермеков
Алматыдағы алқалы жиын қаржы саласын жаңа белеске көтеруге серпін берді
0
52
Фото: ivan-company.kz

Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit жиыны қаржы саласындағы өзгерістердің нақты бағытын көрсетті. Жиында жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық активтердің дамуы және қауіпсіздік талаптары кең көлемде талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Саммит қонақтары ең алдымен қаржы саласының деректерге сүйеніп жұмыс істеуге бет бұрғанын атап өтті. Жасанды интеллект бұл бағытта негізгі құралға айналып келеді. Әсіресе базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауда автоматтандырылған талдаудың рөлі күшейе бастағаны ерекше айтылды. Жиында қатысушылар деректердің маңызы артқан сайын қаржы институттарына қойылатын талаптардың да күрделеніп отырғанын айтты. Осы өзгерістер қаржы саласын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірілді.

Ұлттық банктің Цифрлық трансформация департаментінің директоры Айжан Арынова сөз сөйлегенде жасанды интеллект енгізудің маңызын кеңінен түсіндірді.

«Біз талдау мен болжауда жасанды интеллект енгізіп отырмыз. Жоба – Орталық банктің толық дерекке негізделген жүйеге айналуы жолындағы үлкен қадамы. Бұл ассистент күнделікті талдау жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерді дайындау кезінде нақты әрі терең талдауға қолдау көрсетеді. Жүйе Ұлттық банктің деректер фабрикасы жинайтын мәліметтерге сүйенеді және сыртқы дереккөздерді де өңдей алады. Қазірдің өзінде жаңа деректер фабрикасы деректерді өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартты. Деректердің едәуір бөлігі көшірілді, жаңа өнімдер іске қосылды және бірыңғай сақтау қабаты құрылды. Алдағы уақытта базалық мөлшерлеме бойынша барлық шешімді осы ассистент қолдайтын болады», деді ол.

А. Арынова айтқан деректер фабрикасы саммитте басты мысалдардың бірі болды. Жиынға қатысушылар бұл бастама қаржы секторына жаңа серпін беретінін атап өтті. Деректерді өңдеудің жылдамдауы сарапшыларға шешім қабылдауға қажетті ақпаратты қысқа уақытта алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллектінің ақпаратқа қолжетімділігі кеңейіп, талдау сапасын арттыруға жол ашады. Бұл бастаманы саммитке қатысқан сарапшылар да оң бағалады.

Бас банк басшысы Тимур Сүлейменов цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру бастамасы туралы кең көлемде түсіндірді.

«Цифрлық активтердің мемлекеттік қоры Ұлттық инвестициялық корпорация базасында жұмыс істейді және бұл қор 2025 жылдың соңына қарай іске қосылады. Барлық инвестициялық шешім тәуекелдер мен кірістіліктің тепе теңдігін ескере отырып қабылданады. Цифрлық активтерді сақтау үшін Бағалы қағаздар орталық депозитарийі негізінде арнайы қауіпсіз платформа құрылып жатыр. Бұл активтерді қаржы жүйесіне енгізу оңай міндет емес, бірақ біз оны кезең кезеңімен, қолданыстағы жүйемен үйлесімді етіп іске асыруды көздеп отырмыз. Цифрлық активтер қаржы жүйесінің толыққанды бөлігіне айналуы керек және бұл біздің ұзақ мерзімді стратегиямыздың негізі», деді ол.

Бұл пікір саммитте үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар Қазақстанда цифрлық активтерге деген көзқарас біртіндеп қалыптасып жатқанын айтты. Жаңа қор құрылса, бұл елде цифрлық активтермен жұмыс істеудің дәлелді әрі қауіпсіз жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге инвесторлардың сенімін арттырып, жаңа нарықтың қалыптасуына жол ашады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова қаржы ұйымдарында жасанды интеллект қолдану кезінде туындайтын тәуекелдер мен бақылау жүйесі туралы пікірін айтты.

«Жасанды интеллектіге қолжетімділік кеңейген сайын оны реттеу талаптары да күшейеді. Қаржы ұйымдарында жасанды интеллект қолданғанда үш деңгейлі қорғаныс жүйесі болуы қажет. Бірінші деңгей технологияны әзірлейтін бөлімше жұмысын қамтиды. Екінші деңгей тәуекелдерді басқару департаменттерінің бақылауын талап етеді. Үшінші деңгей ішкі аудиттің тексеруін қамтамасыз етеді. Біз халықаралық талаптарға сүйенеміз және осы үш деңгей бір жүйе ретінде жұмыс істегенде ғана жасанды интеллект қаржы секторында қауіпсіз қолданылады. Қазір министрліктерден деректер базасына қол жеткізуге байланысты түрлі бастамалар түсіп жатыр және бұл процестің өте мұқият реттелуі қажет», деді ол.

Әбілқасымова көтерген мәселе саммиттің маңызды бөлігі болды. Қатысушылар жасанды интеллекттің пайдасымен қатар оның тәуекелдері де бар екенін және бұл тәуекелді басқару қатаң жүйені талап ететінін айтты. Сондықтан қауіпсіздікке қатысты талаптар осы салада басты басымдықтардың бірі болып қала береді.

Халық банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банк секторындағы жасанды интеллекттің нақты әсері туралы кең көлемде ой бөлісті.

«Банктер өз көшбасшылығын сақтап отыр және жасанды интеллект енгізу осы бағытта үлкен рөл атқарып жатыр. Банк жанында арнайы орталық құрылды және ол нақты нәтижеге бағытталған. Бұл орталық сату көлемін арттыруға, клиенттердің пікірін жақсартуға және сервистерді дамытуға әсер етеді. Осы шешімдер тәуекел департаментіне, бэк офиске, колл орталықтарға және чат боттарға енгізіліп жатыр. Ең үлкен мәселе деректермен жұмыс істеу болып отыр, себебі бұл бағытқа үлкен инфрақұрылым мен мол инвестиция керек. Біз үшін сыртқы бұлттық қызметтерді емес, банк ішінде орналасқан қауіпсіз инфрақұрылымды пайдалану маңызды», деді.

Бұл пікір банк секторының жасанды интеллектіге байыппен қарап отырғанын көрсетті. Қатысушылар банктердің технологияны енгізу арқылы қызмет сапасын жақсартып жатқанын айтты. Сонымен бірге деректердің қауіпсіздігіне қатысты талаптар жылдан жылға күшейіп келеді. Сол себепті банктер бұл бағытқа қомақты инвестиция бөлуге дайын екенін көрсетті.

Жиын соңында барлық пікір бір арнаға топтасты. Спикерлердің ойы «жасанды интеллект қаржы саласының сапасын арттыруға және жүйені ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді» деген ортақ тұжырымға келіп тоқтады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий