Алматыдағы жол апаты: айыпталушы тарап қаза тапқан жүргізушінің туыстарымен бітімге келмек болды

31.03.2026 12:55 Әсел Мұрат
Алматыдағы жол апаты: айыпталушы тарап қаза тапқан жүргізушінің туыстарымен бітімге келмек болды
290
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша айыпталушы тарап қаза тапқан жүргізушінің туыстарымен бітімге келмек болды. Алайда марқұмның отбасы бұл ұсынысты қабылдамады, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Алматыда адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты Zeekr көлігін тізгіндеген жүргізушінің банк картасы бойынша жасалған транзакциялар туралы мәліметтерді жәбірленуші тараптың адвокаты сұратпақ. 

Заңгер Олег Чернов Әл-Фараби даңғылында болған апатта қаза тапқан 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің туыстарының мүддесін қорғап отыр.

«Алдағы уақытта (жоспарымыз бойынша – авт.) «У Афанасича» ойын-сауық мекемесінен түбіртекті, сондай-ақ бейнежазбаларды алу көзделіп отыр. Қазіргі таңда олардың бейнекамералары жұмыс істемегені немесе жазбалардың сақталмағаны анықталды. Жүргізушінің алкогольдік ішімдік сатып алған-алмағанын анықтау үшін банк құжаттарын сұрату қажет», – деді Олег Чернов.

Адвокат сондай-ақ жол апатына қатысты бейнебақылау камераларынан өзге де жазбаларды алуды және күдіктінің қайғылы жағдай болған күні кімдермен байланысқа шыққанын анықтауды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, айыпталушы тарап 29 жастағы Еламанның туыстарымен бітімге келуге әрекет жасаған. Алайда марқұмның отбасы бұл ұсыныстан бас тартқан. Қаза болған азаматтың артында алты жасар баласы қалды.

Полиция қызметкерлерінің қандай да бір қатысы туралы адвокат пікір білдірмеді. Тек жол апатына кінәлі адамның қашан тергеу изоляторына жеткізілуі мүмкін екенін болжап айтты.

«Қазіргі таңда оның ауруханада жатқанын білемін. Нақты жағдайы белгісіз. Алайда мендегі ақпаратқа сәйкес, жақын арада тергеу изоляторына ауыстырылуы мүмкін», – деді адвокат.

21 наурыз күні Zeekr 9X кроссоверінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Көлік көп жүретін даңғылда болған бұл оқиға салдарынан екі жолаушы әйел мен Mercedes жүргізушісі қаза тапты. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. ІІМ мәліметінше, апат кезінде Zeekr жүргізушісі жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болған.

Сондай-ақ, әрекетсіздік фактісі бойынша полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. ІІМ басшысы Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасарын, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілерін қызметінен босатты.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий