Америкалық ExxonMobil корпорациясы Үкіметіке соттасуды доғарсақ қана ақша береміз деп отыр

07.08.2026 10:24 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Америкалық ExxonMobil корпорациясы Үкіметіке соттасуды доғарсақ қана ақша береміз деп отыр
125
Фото: NCOC

Америкалық ExxonMobil корпорациясы Қашаған кен орнының батыс бөлігін игеруге $80 млрд көлемінде инвестиция салуға дайын, алайда бұл жоба Қазақстан үкіметі халықаралық мұнай компанияларымен арадағы көпжылдық дауды тоқтатқан жағдайда ғана іске асады, деп хабарлайды Bloomberg басылымы.

Басылымның мәліметіне сүйенсек, инвесторлар қазақстандық билікпен келіссөздер барысында жаңа жобаның тағдырын Қашағанды игеріп жатқан консорциумға тағылған айыптарды алып тастаумен тікелей байланыстырған. Нақтырақ айтқанда Қазақстан кен орнын игерудің кешігуіне байланысты жоғалған табыс үшін халықаралық арбитражда $150 млрд талап етіп отыр және оған қоса экологиялық заңбұзушылықтар үшін $5 млрд көлемінде айыппұл салған.

Бұл шарттар орындалған жағдайда жаңа жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірлескен кәсіпорын форматында тең үлеспен жүзеге асырылмақ. Кен орнының батыс бөлігін игеру тәулігіне 600 мың баррельге дейін мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Дереккөздердің сөзіне қарағанда қазақстандық ұлттық компания бұл ұсынысты қолдағанымен, оны толық іске асыру үшін саяси мақұлдау қажет және оның түпкілікті шешімі әзірге белгісіз. Әзірге қос компания мен Қазақстанның энергетика министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдіруден бас тартты.

ExxonMobil жоспарына сәйкес Қашаған жобасының қазіргі қатысушыларына жаңа бірлескен кәсіпорыннан миноритарлық үлес сатып алу ұсынылады. Жаңа жобаға қосылған компаниялар күкіртке қатысты экологиялық айыппұлдан бірден босатылады, ал қалған талаптар түпкілікті инвестициялық шешім қабылданғаннан кейін жойылады. Жаңа жобаға қатысудан бас тартқан компаниялар да үкіметтің шағымынан босатылады, бірақ олар жаңа кәсіпорынның батыс бөлікті игеру құқығына дауласпауы тиіс әрі 2041 жылы шығыс бөлікті игеру лицензиясы аяқталған соң оны ұзарта алмайды.

Жобаның тұжырымдамасын әзірлеу шамамен $250 млн қажет етеді. Ал 2028 жылдан басталатын жобалау кезеңіне қосымша $2 млрд инвестиция жұмсалмақ. Түпкілікті инвестициялық шешім 2030 жылы қабылданады деп күтілуде және содан кейін ғана жоба тікелей іске қосылады. Айта кетейік, қазіргі уақытта кен орнының шығыс бөлігінде тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіріліп жатыр, ал оның қорынан алғашқы онжылдықта шамамен 1 млрд баррель шикізат алынған.

Сонымен қатар италиялық Eni компаниясы да Қазақстан үкіметіне басқа серіктестермен бірге Қашағанның батыс бөлігін игеруге қызығушылық танытып отырғаны туралы сигналдар жіберген, алайда ұйым өкілдері, басқа да шетелдік инвесторлар сияқты, бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий