Қызылордада көлік қағып, қаза тапқан 5 айлық сәби әлем чемпионының жиені болып шықты

Қызылордада көлік қағып, қаза тапқан 5 айлық сәби әлем чемпионының жиені болып шықты
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қызылордада анасы мен бес айлық сәбиін көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні іздеу жалғасып жатыр. Қайғылы оқиғаға қатысты тағы бір жайт белгілі болды. Көз жұмған нәресте каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың жиені болып шықты. Спортшы үш күннен бері күдіктіні таба алмаған полицияның жұмысына наразылық білдіріп, жүргізушіні жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Қызылордада болған қайғылы жол апаты туралы жазған едік. 13 қазанда сағат 17:10 шамасында қаланың Шанхай шағынауданындағы Күлтекенов көшесінде, №111 үйдің маңында Mitsubishi Lancer көлігі 25 жастағы Наргиз Бұхарбай мен оның 5 айлық сәбиін қағып кеткен. Жақындары ана мен баланы қаққан жүргізуші 26 жастағы Великов Алексей екенін мәлімдеген.

Туған күніне 1 айдай ғана қалған жас ана ауыр жарақатпен Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның бас миы жарақаттанғанын, бірнеше қабырғасы мен жамбас сүйегі сынғанын және жарақаттық шок алғанын анықтаған.

Ал 5 айлық сәби басынан ауыр жарақат алып, қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Өкінішке қарай, дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Белгілі болғандай, қайтыс болған сәби каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайдың жиені екен.

Спортшының айтуынша, сол күні туысы Наргиз Бұхарбай баласын арбаға салып, көшеде серуендеп жүрген. Алайда аталған көшеде жаяу жүргіншілерге арналған толыққанды тротуар болмағандықтан, әйел жол жиегімен жүруге мәжбүр болған.

Мөлдір Жаңбырбай жүргізушінің жоғары жылдамдықпен қарсы бағытта келе жатқан ана мен баланы қаққанын айтады.

«26 жастағы жігітті таба алмайтындай не болды?»

Әлем чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында полицияның күдіктіні бірнеше күн бойы ұстай алмай жатқанына ашуланған.

«3 күн өтті... 26 жасар боқмұрынды таба алмайтындай не болды?» – деп жазды Мөлдір Жаңбырбай.

Спортшы күдіктінің бұған дейін де жол апаттарына қатысы болғанын алға тартып, оның жазадан құтылып кетпеуін талап етті.

«Осыған дейін 2 рет адам қаққанда, ақшамен, таныспен жаппай, жазасын алғанда, менің кішкентай бауырым тірі болар еді! Ақшамен ғана жұмыс жасайтын болсаңдар, берейік. Айтыңдар, қанша тұрады бір адамның өмірі?!» – деп жазды ол.

Мөлдір Жаңбырбай күдіктіні табуға көмектесетін кез келген сұхбатқа дайын екенін де жеткізген.

«2 күн күттік, кедергі болмайық жұмыстарына деп, ешқандай нәтиже жоқ?!» – деп наразылығын білдірді чемпион.

Туыстары жүргізуші қашып кетіп, жауапкершіліктен құтылып қала ма деп алаңдайды. Олар күдіктіні тезірек тауып, істің әділ тергелуін талап етіп отыр.

Фото: instagram.com/moldir_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/moldir_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/moldir_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/moldir_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/moldir_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/moldir_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/arayka_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/arayka_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/arayka_zhangbyrbay
Фото: instagram.com/arayka_zhangbyrbay

Полиция жүргізушіні іздеп жатыр

Бұған дейін Қызылорда облысының полициясы адам өліміне әкелген жол апаты және оқиға орнынан кетіп қалу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлаған.

Полиция күдіктінің жеке басы анықталғанын, оны іздеуге барлық күш жұмылдырылғанын мәлімдеді.

Оған іздеу жарияланды

Бұған дейін редакциямыз Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы «Қылмыскерлерді іздестіру» бөлімінен Алексей Великовтің аты-жөнін тексергенде, ол туралы мәлімет табылмаған еді.

Алайда енді күдіктінің деректері аталған порталға енгізілгені белгілі болды.

Іздеу тізімінде оның толық аты-жөні Великов Алексей Александрович деп көрсетілген.

2000 жылғы 1 шілдеде туған, Қазақстан Республикасының азаматы.

Порталдағы мәліметке сәйкес, іздестіру ісі, бүгін, 16 қазанда тіркелген. Іздеу бастамашысы – Ішкі істер министрлігі, ал іздестіру жұмыстарын Қызылорда қалалық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Фото: qamqor.gov.kz
Фото: qamqor.gov.kz

 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу