Америкалықтар асырап алған қазақ баласы 20 жылдан соң еліне оралды

18.03.2026 17:06 Мөлдір Талғат
Америкалықтар асырап алған қазақ баласы 20 жылдан соң еліне оралды
345
Фото: видеодан скриншот

Америкалық отбасы асырап алған қазақ жігіті Алекс Дворниковский араға жиырма жыл салып, тарихи отанына табан тіреді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жезқазғанда дүниеге келген ол бір жасында шетелдік отбасының қолына өтіп, АҚШ-тың Филадельфия қаласында өсіп-жетілген. Сол жақта білім алып, өмір сүргенімен, туған жеріне деген қызығушылығы мен ішкі байланысы ешқашан үзілмегенін айтады.

Алекс Қазақстанға арнайы бағдарлама аясында келіп, қазіргі таңда Қостанай қаласында балаларға ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Бұл ұсынысты ол көп ойланбастан қабылдаған.

«Қазақстан маған қатты ұнады. Адамдарының кең пейілі мен қонақжайлылығына тәнтімін. АҚШ-та жүргенде қазақтар аз болды, сондықтан өз тамырым туралы көп біле алмадым. Қазір туған жерімді танып, зерттеп жүргеніме қуаныштымын», – дейді Алекс.

Жігіттің сабақ беру әдісі оқушыларға да қызық көрінеді. Қазір ол бірнеше топпен жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қазақ тілін үйренуді бастап кеткен.

Алекстің басты мақсаты – өзінің тегін анықтап, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек зерттеу. Ол болашақта Орталық Азияны ғылыми тұрғыда зерттеуді де жоспарлап отыр.

«Бұл аймақ әлі толық зерттелмеген. Әсіресе ағылшын тілінде ақпарат аз. Болашақта осы бағытта еңбек еткім келеді», – дейді ол.

Бағдарлама шарты бойынша, Алекс жаз айында АҚШ-қа оралуы тиіс. Дегенмен ол Қазақстанға қайта келуді жоспарлап отырғанын жасырмады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий