Американдықтар асырап алған қазақ баласы биологиялық ата-анасын іздеп жүр

10.03.2026 13:03 Мөлдір Талғат
Американдықтар асырап алған қазақ баласы биологиялық ата-анасын іздеп жүр
100
Фото: facebook.com

Әлеуметтік желілерде бала кезінде АҚШ-тағы отбасы асырап алған Қазақстан тумасының биологиялық ата-анасын іздеу туралы жазба тарады, деп хабарлайды Politico kz.

Бұл туралы ер адамның жұбайы Facebook желісіндегі Kazakh American Association қауымдастығында жариялаған.

Жазба авторының айтуынша, оның күйеуінің аты Николас Пикколо. Ол 1998 жылдың 26 қарашасында Қарағанды қаласында дүниеге келген. Туған кезде оған Руслан Умурзаков деген есім берілген.

Николастың жұбайы Шанель Пикколоның айтуынша, ол бала кезінде Қарағандыдағы «Малютка» балалар үйінде тәрбиеленген. Кейбір деректерде бұл мекеме «Шапағат» деп те аталған болуы мүмкін, алайда отбасының қолында нақты ақпарат жоқ.

«Бұл жазбаны күйеуім Николас Пикколо өзінің биологиялық ата-анасын табу үшін жариялап отыр. Ол 1998 жылдың 26 қарашасында Қазақстанның Қарағанды қаласында туған. Туған кездегі есімі — Руслан Умурзаков», — деп жазылған хабарламада.

Отбасының айтуынша, ер адамның өткен өмірі туралы ақпарат өте аз сақталған. Белгілісі — оны 2003 жылдың 19 қаңтарында АҚШ-тағы отбасы асырап алған.

«Шынымды айтсам, бізде көп мәлімет жоқ. Бірақ ол өз биологиялық ата-анасын тапқысы келеді. Қазір қолымыздағы ақпарат — осы ғана», — деп жазды Шанель Пикколо.

Ол сондай-ақ кез келген көмекке алғыс білдіретінін айтып, кімде-кімде қандай да бір ақпарат болса, байланысқа шығуды сұрады.

Жазба астында ондаған қолданушы пікір қалдырып, түрлі кеңес берген. Кейбіреулер Қарағанды тұрғындарының топтарына жазуды немесе ақпаратты Threads пен TikTok сияқты платформаларда таратуға кеңес берген.

Ер адамның жұбайы әлеуметтік желілер арқылы тараған ақпарат оның биологиялық отбасын табуға көмектеседі деп үміттенеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий