“Анасын қорғаймын деген”: Өгей ұлын пышақтап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
Қостанай облысының Жітіқара қаласында 15 жастағы жасөспірімді өлтіріп, әйеліне ауыр жарақат салған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Ер адам 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға 25 сәуірде дастархан басындағы отырыстан кейін болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам алкогольдік ішімдік ішіп, жанжал кезінде әйелінің іш тұсына пышақ сұққан.
Әйелдің айқайын естіген оның 15 жастағы ұлы сыртқа шыққан. Жасөспірім өгей әкесін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда ер адам оған бірнеше рет пышақ сұғып, салдарынан жасөспірім алған жарақаттарынан көз жұмған.
Оқиға кезінде әйел де ауыр жарақат алған. Оған ағасы көмекке келіп, әйел аман қалған.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот ер адамды адам өлтіру және қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша кінәлі деп танып, 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Соңғы жаңалықтар