Әнші Луинаға мемлекеттік сыйлық берілді
Танымал қазақстандық әнші Луина Қырғызстанның мемлекеттік марапатына ие болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әнші қуанышты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Луинаның айтуынша, ол Қырғызстан астанасы Бішкекке ұлы ақын Жуммамудун Шералиевтің 110 жылдығына арналған концертке қатысу үшін барған. Сол кеште өнер иесіне “Қырғыз Республикасының мәдениет үздігі” атағы табысталды.
Бүгінгі күн мен үшін ерекше және жүрекке жылы сәт болды. Ұлы ақын Жуммамудун Шералиевтің 110 жылдығына арналған концертте өнер көрсету – үлкен мәртебе. Ол – қырғыз мәдениетінің шынайы бейнесі, халықтың үнін, рухын жырларына сыйғызған дара тұлға. Бұл мен үшін тек сахна емес, терең құрмет пен ризашылықтың, шынайы махаббаттың көрінісі болды. Мен әрдайым Қырғызстанды ерекше жақсы көремін, бірақ ең бастысы – бұл халықтың адамгершілігі мен ашықтығы. Мұнда менің көптеген достарым, әріптестерім, рухтас жақындарым бар. Олар маған үнемі шабыт беріп, жүрегіме жылу сыйлайды. Бүгін маған “Қырғыз Республикасының мәдениет үздігі” атағы табысталды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Өнер иесі ретінде де, осы елді шын жүректен сүйетін адам ретінде де бұл ерекше қуаныш. Сонымен қатар, Жуммамудун Шералиевтің отбасы мен қорынан оның қыздары арнайы медаль табыс етті. Бұл сәт менің есімде ұзақ сақталады. Кейбір әндерді дәл осы жерде, осы халық үшін орындау керек екенін бүгін тағы бір мәрте түсіндім, – деп бөлісті Луина.
Соңғы жаңалықтар