Apple ресейліктер ең көп қолданатын VK қосымшаларын App Store-дан өшірді

26.06.2026 16:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Apple ресейліктер ең көп қолданатын VK қосымшаларын App Store-дан өшірді
132
Фото: РИА Новости

Америкалық Apple корпорациясы App Store дүкенінен ресейлік VK холдингіне тиесілі бірқатар танымал қосымшаларды өшіріп тастау себебін санкциялық ережелерді сақтау қажеттілігімен түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz РБК-ға сілтеме жасап.

25 маусым күні таңертең «ВКонтакте», «Одноклассники», «Дзен», «VK Видео», «VK Музыка», «Почта Mail», «Облако Mail» және өзге де сервистер платформадан жоғалып кеткеннен кейін, компания өкілдері нақты қандай шектеулер туралы сөз болып отырғанын нақтыламады.

«Біз өзіміз жұмыс істейтін юрисдикциялардың заңдарын сақтаймыз», – деді Apple компаниясының өкілдері.

Бұл жағдайға қатысты ресейлік ІТ-алпауыт өздерінің ешқандай шектеулер тізімінде жоқ екенін алға тартып, америкалық корпорацияның әрекетіне шағымданды.

«VK ешқашан санкцияға іліккен емес және санкциялық тізімдерде болған жоқ, мұны халықаралық және америкалық заңгерлердің көптеген қорытындылары растайды. Ресми құжаттар мен барлық қажетті ақпарат баяғыдан бері Apple-дің қолында бар, соған қарамастан олар ескертусіз біржақты тәртіпте қосымшаларды өшіріп тастады», – деді VK холдингінің баспасөз қызметі РБК басылымына.

Кремль бұл жағдай Apple-дің сенімділігіне күмән келтіретінін айтып, корпорациядан түсініктеме талап еткен болса, ал Ресейдің Цифрлық даму министрлігі бұл мәселе бойынша Монополияға қарсы қызметке жүгінді.

«Apple өшірілген қосымшалардың әлеуметтік маңызды функцияларын толықтай елемей отыр», – деп мәлімдеді министрлік өкілдері ресейліктерді түрлі қауіптер туралы хабардар ететін сервистердің маңыздылығына тоқталып.

Маусым айының басында Apple дәл осындай себеппен «MAX» мессенджерін де App Store дүкенінен алып тастаған еді. Бұл мәселеге қатысты мессенджердің баспасөз қызметі пайдаланушылардың телефондарына бұрын орнатылған қосымша әдеттегідей жұмыс істей беретінін жеткізді.

«Бұл мәселені шешеміз, онымен бәрі жақсы болады», – деді Ресейдің Цифрлық даму министрі Мақсұт Шадаев.

VK холдингінің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы ресми есептері мен Mediascope зерттеу агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бұл экожүйе Ресейдегі интернет аудиториясының 97%-ын қамтиды. Күн сайын компания сервистерін орта есеппен 87,8 млн адам қолданады және әрбір пайдаланушы күніне кем дегенде екі өнімге кіріп, онда шамамен 80 минут уақытын өткізеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий