Ақмола облысы инвестиция тартудан рекордтық көрсеткішке жетті, бірақ бір әттеген-айы бар
Астананың іргесіндегі Ақмола облысы биылғы жылдың 9 айында инвестициялық белсенділік бойынша ел өңірлері арасында көш бастады. Назарбаев Университетінің сарапшысы Ақмарал Эрик economyKZ.org порталына жазған шолуында өңір экономикасына құйылған қаржының 556,6 миллиард теңгеге жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,1 пайызға жоғары көрсеткіш. Сарапшының пікірінше, мұндай орасан зор өсімнің екі себебі бар: біріншіден, өңірде ауқымды индустриялық жобалар іске қосыла бастаса, екіншіден, былтырғы базалық көрсеткіштің төмен болуы биылғы нәтижені еселеп көрсетіп отыр.
Ақмола облысы десе, көз алдымызға егістік алқаптары елестейтіні рас. Алайда, инвестициялық қоржынның құрылымына үңілсек, жағдай өзгерген. Қаржының ең қомақты бөлігі, яғни 30 пайызы – өнеркәсіпке, 16 пайызы – көлік саласына бағытталған. Ал ауыл шаруашылығы 15 пайыздық үлеспен үшінші орынға сырғыған.
Әсіресе, өңдеуші өнеркәсіптің тасы өрге домалап, инвестиция көлемі екі еседен астам артқан (220,5%). Бұған облыстың 6 ауданында бірдей жүріп жатқан ірі жобалар септігін тигізуде.
2025 жыл өңір үшін ірі құрылыстар жылы болды деуге негіз бар. Негізгі жобалардың тізімі ауқымды:
- Қытайлық инвесторлармен (Dalian Hesheng Holdings) бірлескен, құны 650 миллион доллар болатын дәнді дақылдарды терең өңдеу зауыты;
- Испандық кәсіпкерлердің Ерейментаудағы агроөнеркәсіптік кешені;
- Зеренді ауданындағы құны 12,5 миллиард теңгелік тау-кен байыту комбинаты;
- Энергетикалық жаңғырту: Степногорск және Көкшетау қалаларындағы жылу орталықтарын (ТЭЦ) жөндеу және жаңасын салу жұмыстары.
Бұдан бөлек, Көкшетау мен Қосшы қалаларында 18 миллиард теңгеге жаңа мектептер мен ауруханалар бой көтеруде.
Облысқа келген барлық инвестицияның 60 пайызын бес негізгі аймақ қамтамасыз етіп отыр:
- Көкшетау қаласы (105,5 млрд тг) – инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы есебінен көш бастап тұр;
- Целиноград ауданы (68,9 млрд тг) – логистика мен өндіріс ошағы;
- Зеренді ауданы (64,7 млрд тг) – тау-кен өнеркәсібінің драйвері;
- Бурабай ауданы (47,3 млрд тг) – туризм ордасы (Hilton, Wyndham қонақүйлері);
- Аршалы ауданы (45 млрд тг).
Дегенмен, сарапшы Ақмарал Эрик өңірдегі бір маңызды кемшілікті де атап өтті. Инвестициялық дүмпу болғанымен, оның үштен бір бөлігі – мемлекеттік бюджеттің қаржысы. Яғни, жеке сектордың үлесі әлі де төмен.
Мәселен, елордаға жақын Целиноград ауданындағы инвестицияның 59 пайызы, Қорғалжында 52 пайызы тікелей қазынадан бөлінген. Бұл – өңірдің мемлекеттік қолдауға әлі де қатты тәуелді екенін көрсетеді. Жылжымайтын мүлік нарығында да бәсеңдеу бар: тұрғын үй құрылысына салынған қаржы былтырғыдан 1,2 пайызға азайған.
Ақмола облысы аграрлық аймақтан индустриялық-логистикалық хабқа айналу жолында нақты қадамдар жасауда. Алдағы уақытта «Алтынтау Көкшетау» кенішін дамытуға құйылатын 700 миллион долларлық жоспар өңірдің әлеуетін одан әрі арттырмақ.
Соңғы жаңалықтар