Депутаттардың күдігі рас па: Шетелден алынатын қыруар қарыз не үшін керек?

17.06.2026 13:24 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Депутаттардың күдігі рас па: Шетелден алынатын қыруар қарыз не үшін керек?
159
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Үкімет шетелдік банктерден жалпы сомасы 1 млрд долларға жуық (шамамен 490 млрд теңге) жаңа қарыз алмақ. Қаржы министрі Мәди Такиев бұл қыруар қаражаттың нақты қандай мақсатқа жұмсалатынын ашып айтты. Оның сөзінше, ақша инфрақұрылымдық жобаларға емес, тікелей мемлекеттік бюджет тапшылығын жабуға кетеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алынатын ірі несие келісімдерін талқылады. Бұл ретте мәжілісмен Ерлан Стамбеков үкіметтің жаңа қарыздарды тек ескі міндеттемелерді өтеуге және ағымдағы шығындарды жабуға жұмсап жатқанына алаңдаушылық білдірді.

"Сіз бізді мемлекеттік қарыз деңгейі қауіпсіз шекте және елеулі тәуекелдер жоқ деп сендірдіңіз. Бүгін біз Халықаралық қайта құру және даму банкінен $600 млн көлемінде жаңа қарыз алуды қарастырып жатырмыз. Нақтырақ айтқым келеді: бұл қаражат бюджеттің ағымдағы шығындарын жабуға да бағыттала ма, әлде осы қарыз есебінен қаржыландырылатын нақты жобалар қарастырылған ба?", – деп сұрап, нақты жауап талап етті Стамбеков .

Сұраққа жауап берген Мәди Такиев 2026 жылғы республикалық бюджеттің шығыны 27 трлн теңгені құрайтынын алға тартты. Ал мемлекеттің өз кірісі небәрі 19,3 трлн теңге шамасында ғана болып тұр.

Жетпей тұрған соманың 2,8 трлн Ұлттық қордан алынады, ал қалған 4,6 трлн теңге – бюджет тапшылығы. Министрдің сөзінше, тапшылықты қаржыландыру үшін жыл бойы ішкі және сыртқы нарықтардан осындай қарыз қаражаты тартылмақ.

"Қарыз бюджет тапшылығын қаржыландыруға және бюджет шығыстарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталады", – дейді министр.

Жалпы алғанда, Қазақстан жапон иенасымен бағамдалған екі үлкен қарыз алады. Біріншісі – ХҚДБ-дан $600 млн болса, екіншісі – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен $400 млн.

Бұл қарыздардың екеуі де 11 жыл мерзімге беріліп отыр. Оның алғашқы бес жылы жеңілдікті кезең болып саналады, бұл уақытта тек пайыздық мөлшерлеме ғана төленуі мүмкін. Несиені өтеу міндеті толықтай Қаржы министрлігінің мойнында.

Бұған қоса, үкімет алдағы уақытта нарықтағы жағдайға байланысты тағы $1-1,5 млрд көлемінде еуробонд шығаруды да жоспарлап отыр. Қалған тапшылық ел ішінен алынған қарыздар есебінен жабылмақ.

Войдите, чтобы оставить комментарий