АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық Әсет Құралбайдың өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды
АҚШ-та із-түзсіз жоғалып кеткен қазақстандық Әсет Құралбайдың оқиғасы қайғылы аяқталды. Полиция мен марқұмның жақындары оның қаза тапқанын растады. Қазір оның соңғы күндері, тұрған жері мен көлігінің табылуына қатысты жаңа мәліметтер жарияланып жатыр., деп хабарлайды Politico.kz Ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
Белгілі болғандай, Әсет Құралбай АҚШ-қа шамамен төрт жыл бұрын барған. Ол Иллинойс штатында тұрып, Amazon компаниясының жеткізу қызметінде жұмыс істеген.
Кейін оның Чикаго маңындағы Форд-Хайтс елді мекенінде тұрғаны анықталды. Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, ол 1324 Park Avenue мекенжайындағы үйде тұрған болуы мүмкін. Бұл аудан жергілікті қауіпсіздік рейтингтерінде қылмыс деңгейі жоғары аймақтардың бірі ретінде аталады.
Журналистер барған көшеде ескі үйлер, қараусыз қалған аулалар мен тозған жолдар көзге түскен. Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, бұл маңда ТМД елдерінен келген мигранттар арзан бөлмелерді жалдап тұрады.
Әсет Құралбай соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. Сол күні ол үлкен ағасымен телефон арқылы сөйлескен. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.
Алғашында туыстары қатты алаңдамаған. Өйткені Әсет бұған дейін де бірнеше күн бойы телефонын өшіріп, ешкіммен хабарласпайтын кездері болған. Алайда бес күн өткен соң жақындары алаңдай бастаған.
7 маусымда оның телефоны толық өшіп қалған. Осыдан кейін отбасы Чикагодағы таныстарынан Әсеттің тұратын жеріне барып, жағдайын тексеруді өтінген.
Таныстары оның бөлмесіне кіргенде күмәнді жайттарды байқаған. Әсет үйінде барлық құжаттарын, банк карталарын және жеке заттарын қалдырып кеткен.
Ең алаңдатарлық жайт – бөлмеден қоштасу хатының табылуы. Онда 24 жастағы жігіт өзіне бірдеңе болған жағдайда жеке заттары мен құжаттарын кімге тапсыру керектігін жазып кеткені айтылған.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайын АҚШ құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Ресми тергеу жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар