Ақмола облысында 520 миллиард теңгеге жаңа өндіріс орындары салынады

05.03.2026 16:27 Арман Ермеков
Ақмола облысында 520 миллиард теңгеге жаңа өндіріс орындары салынады
53
Фото: ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы
Көкшетаулық зауыт еліміздің бүкіл ауыл шаруашылығын су жаңа техникамен қамтамасыз етпек.

Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына барып, өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарының құрылысымен танысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Көкшетау қаласында орналасқан Kokshe Industry арнайы индустриялық аймағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, жеңіл өнеркәсіпке бағытталған және құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорындар салынып жатыр. Үкімет басшысы осы аумақтағы кірпіш зауыты, майлы дақылдарды өңдеу кешені және Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа логистикалық құрғақ порттың құрылыс барысын бақылады.

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жалпы аумағы 600 гектарды құрайтын бұл аймақта алдағы 2 жыл ішінде 22,7 миллиард теңге болатын жобалар іске қосылатынын айтты. Шаһар басшысының сөзінше бұл кәсіпорындар 670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді және 2030 жылға дейін мұнда 520 миллиард теңгеге тағы 40-қа жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар ол инвестиция тарту үшін аумаққа ең алдымен инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын толық жүргізу қажеттігін ескертті.

Мұнан кейін Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника шығаратын «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясының» жұмысын көрді. Кәсіпорынның бас директоры Олег Балыбин өткен жылдың қорытындысы бойынша зауыт 65 миллиард теңгеге 4 мыңнан астам техника өндіргенін мәлімдеді. Басшының айтуынша өндірісті кеңейтуге бағытталған жаңа жоба іске асырылып, қосымша 3 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған. Бұл қаражат алдағы уақытта жылына 5 мыңға дейін техника шығарып, өнімділікті арттыруға және отандық жеткізушілермен байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Қазіргі таңда 400-ге жуық адам еңбек етіп жүрген бұл мекеме болашақта индустриялық аймақ ішінен өндіріс қуатын 6 мыңға жеткізетін жаңа жобаны бастауды жоспарлап отыр, оған шамамен 10 миллиард теңге жұмсалмақ.

Үкімет басшысы отандық машина жасау саласындағы өндіріс көлемін арттырудың маңыздылығына назар аударып, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдігіне инвесторларға қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды уақтылы жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ Премьер-министр Ақмола облысындағы сапары аясында төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың арнайы отырысын өткізгені белгілі болды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий