Ақмола облысында жантүршігерлік жол апаты: Төрт адам қаза тапты

12.08.2026 19:23 Қарақат АСЫЛОВА
Ақмола облысында жантүршігерлік жол апаты: Төрт адам қаза тапты
225
Ашық дереккөз

Ақмола облысында екі жеңіл көлік бетпе-бет соқтығысып, төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жол-көлік оқиғасы Көкшетау мен Зеренді ауылы арасындағы тасжолда болған.

Полицияның алдын ала мәліметінше, Mini Cooper көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Audi көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал Mini Cooper көлігінде болған үш адам түрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілді. Көлік жүргізушісі ұсталды.

Аталған жолдың ұзындығы шамамен 50 шақырым. Туристер үшін қауіпсіздікті арттыру мақсатында учаскеде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жолды кеңейту жоспарланған. Болашақта мұнда үш жолақты реверсивті қозғалыс ұйымдастыру көзделген.

Алайда жоба толық аяқталмаған. Жолдың басым бөлігінде көлік қозғалысының бағыттарын ажырататын жол белгілері мен таңбалар әлі жоқ.

Қазір оқиға орнында полиция мен жедел қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Қайғылы жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Войдите, чтобы оставить комментарий