АҚШ Иранды атқылауды 5 күнге тоқтатпақ
АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы келіссөздерге байланысты Иранның энергетикалық нысандарына әскери соққы беру жоспарын уақытша кейінге қалдырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Америка басшысы өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында Таяу Шығыстағы ахуалды реттеу мақсатында соңғы күндері өнімді әңгімелер болғанын және әскери дайындықтың тоқтатылғанын жазды.
«Соңғы екі күнде Америка Құрама Штаттары мен Иран Таяу Шығыстағы қақтығыстарды толық шешуге қатысты өте жақсы әрі нәтижелі келіссөздер жүргізді, осы сындарлы әңгімелердің негізінде мен соғыс департаментіне Иранның электр станциялары мен энергетикалық инфрақұрылымына жасалатын барлық әскери соққыны 5 күнге шегеруді тапсырдым», – деп жазды Трамп.
Дегенмен Иранның жергілікті агенттігі қауіпсіздік қызметіндегі жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасай отырып, Тегеран мен Вашингтон арасында ешқандай келіссөз жүрмегенін жариялады. Олардың мәліметінше Трамптың маңызды инфрақұрылымдарға шабуыл жасаудан бас тартуы Иран тарапынан төнетін әскери қауіптің күшеюімен тікелей байланысты.
Еске сала кетейік, 21-інші наурызда Трамп Ормуз бұғазы арқылы еркін өту қамтамасыз етілмесе, АҚШ алдағы 48 сағат ішінде Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы беретінін мәлімдеген болатын.
Соңғы жаңалықтар