Журналист Анна Данченко Тоқаевтың қолынан орден алды

Журналист Анна Данченко Тоқаевтың қолынан орден алды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал тележүргізуші әрі продюсер Анна Данченконы «Құрмет» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Politico.kz.

Анна Данченко бұл марапатын ең алдымен өзіне өмір сыйлап, тәлім-тәрбие берген ата-анасына арнайтынын жеткізді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды

«Бүгін мен үшін ерекше әрі жүрек толқытар күн. Мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері атандым. Бұл марапатты ең алдымен өмір сыйлап, бойыма адамгершілік пен адалдықты сіңірген, тәлім-тәрбие берген аяулы Әкем мен Анама арнаймын! Менің әрбір жетістігімнің артында олардың ақ батасы, маған деген сенімі мен шексіз махаббаты жатыр. Бүгінгі қуанышымды өздерімен бөлісе алмасам да, осы биікке жетуіме себепкер болған ең асыл жандарымның рухына тағзым етемін. Бұл марапат — мені тәрбиелеген қазақы ортаның, бойыма сіңген ұлттық тәрбиенің, жүрегіме жақын қазақ тіліне деген шексіз құрметімнің де жемісі.Қазақ тілі мен үшін тек қарым-қатынас құралы емес. Ол — менің болмысым, жүрегімнің үні, өмірлік таңдауым.Еліме, халқыма алғысым шексіз! Бұл марапатты үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын», - деп жазды Анна Данченко.

Айта кетейік, Анна Данченконың телевизия саласындағы еңбек өтілі 20 жылға жуық.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу