АҚШ Мадуроны тұтқындады: сарапшы оқиғаның мұнай нарығы мен Қазақстанға әсерін болжады

12.01.2026 12:11 Арман Ермеков Арман Ермеков
АҚШ Мадуроны тұтқындады: сарапшы оқиғаның мұнай нарығы мен Қазақстанға әсерін болжады
0
139
Фото: pamfleti.net

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қуаныш Бейсенғазин АҚШ-тың Венесуэладағы арнайы операциясының геосаяси және экономикалық салдарын талдады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Economykz.org-ке сілтеме жасап.

Сарапшының пікірінше, бұл теңдессіз оқиға әлемдік мұнай нарығының құрылымына және Қазақстан экономикасына ұзақ мерзімді өзгерістер әкелуі мүмкін.

2026 жылы 3 қаңтарда АҚШ арнайы күштері Каракаста операция жүргізіп, Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстады. Арада екі күн өткен соң АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуроның Нью-Йорктегі федералды сотта «есірткі терроризмі» айыбы бойынша жауап беретінін ресми түрде мәлімдеді.

Венесуэла билігі бұл әрекетті мемлекеттік егемендікті өрескел бұзу және заңсыз адам ұрлау деп бағалады. Оқиғаның заңдылығы БҰҰ деңгейінде шұғыл талқылауға шығарылды. Бұл соңғы ондаған жылдардағы бірегей жағдай. АҚШ тарихта алғаш рет шетелдегі әрекеттегі мемлекет басшысын күш қолдану арқылы биліктен шеттетті.

Геосаяси тәуекелдердің өсуі бірден қаржы нарықтарына әсер етті. Мұнай бағасы құбылмалы күйге түсіп, 5 қаңтарда Brent маркалы қара алтынның құны 60-62 доллар деңгейінде сақталды. Инвесторлар қорғаныш активтерге бет бұрып, алтын бағасы өсіп, доллар нығайды. Дегенмен жаһандық энергия жеткізілімдерінің жеткілікті болуына байланысты нарықта дүрбелең байқалмайды.

Сарапшының дерегінше, Венесуэла әлемдік мұнай қорының 17 пайызына (303 млрд баррель) иелік етеді. Егер АҚШ елде бақылау орнатып, батыс компанияларын тартса, алдағы 2 жылда өндіру көлемі 1,3-1,4 миллион баррельге, ал 10 жылда 2,5 миллион баррельге жетуі мүмкін. Goldman Sachs болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай өндірістің артуы мұнай бағасын барреліне 4 долларға төмендетуі ықтимал.

Қазақстан үшін қысқа мерзімде бұл жағдайдың әсері бейтарап немесе сәл оң болуы мүмкін. 2026 жылғы бюджет мұнайдың 60 долларлық бағасына негізделген. Алайда жанама тәуекелдер сақталады. Олардың қатарында әлемдік инфляцияның өсуі және санкциялық комплаенс талаптарының күшеюі бар.

Операцияның дәл қазір жүзеге асуына бірнеше стратегиялық фактор себеп болды. АҚШ-та инфляция төмендеп, мұнай нарығы теңгерімді күйде тұр. Сонымен қатар 2026 жылы өтетін Конгресс сайлауы алдында бұл қадам ішкі саясат үшін тиімді саналады. Вашингтон Батыс жартышарды өз ықпал аймағы ретінде қайта бекітуді және Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалын әлсіретуді көздейді.

Айта кетерлігі, 2020 жылы АҚШ Мадуроға айып тағып, ол туралы мәлімет үшін 15 миллион доллар сыйақы жариялаған болатын. Ал 2025 жылдың күзінде Трамп «санкциялық танкерлерге теңіз блокадасын» енгізген еді.

«Қазақстан үшін бастысы – эмоцияға емес, салқын есепке сүйену. Әлем тұрақсыздана түскен сайын, макроэкономикалық тәртіп, резервтер және институционалдық сапа шешуші факторға айналады», – деп түсіндірді Қуаныш Бейсенғазин.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий