Ақсуда жүкті деген жалған анықтама жасап, пара алған полицей сотталды
Павлодар облысының Ақсу қаласында пара алып, әкімшілік істегі дәлелдерді қолдан жасаған полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс материалдарына сәйкес, жүргізуші куәлігі жоқ әйел мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған. Заң бойынша оған әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған. Алайда сотқа оның жүкті екені туралы медициналық анықтама ұсынылып, соның негізінде қамау жазасы айыппұлмен алмастырылған.
Кейін прокурорлар жүргізген тексеріс барысында аталған медициналық анықтаманың жалған екені анықталды. Тергеу мәліметінше, полиция қызметкері пара алып, әкімшілік іс бойынша дәлелдерді әдейі бұрмалап, құқық бұзушының заңда көзделген жазадан жалтаруына жағдай жасаған.
Сот полицейді кінәлі деп таныды. Оған 6,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, арнайы атағынан айырылды. Алынған пара мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар