Ақтауда 9 жастағы бала тіс емдетемін деп, жақ сүйегінен айырылып қала жаздады

27.07.2026 11:30 Әсел МҰРАТ
Ақтауда 9 жастағы бала тіс емдетемін деп, жақ сүйегінен айырылып қала жаздады
160
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ақтауда стоматологқа барған 9 жастағы баланың жақ сүйегінің 70 пайызы зақымданған, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақтауда мемлекеттік стоматологиялық емханада ем қабылдаған 9 жастағы баланың төменгі жақ сүйегінің 60–70 пайызы зақымданған. Оқиғадан кейін медициналық мекеменің екі дәрігеріне қатаң сөгіс жарияланды. Алайда баланың ата-анасы бұл жазаны жеткіліксіз деп санап, дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

Halyqstan мәліметінше, оқиға биыл ақпан айында болған. Баланың анасы Ақмарал Қалжанова ұлы Нұрәділді мемлекеттік стоматологияға тексерту үшін апарған. Анасының айтуынша, баланың тісі ауырмаған және ешқандай шағымы болмаған.

Алайда дәрігерлер баланың тістерін емдеу туралы шешім қабылдаған. Ем барысында балаға жансыздандыратын дәрі егілгеннен кейін оның дене қызуы көтеріліп, қатты ауырсыну байқалып, жақ тұсы ісіне бастаған.

Баланың анасы дәрігерлерге бірнеше рет барғанын, бірақ ұлының жағдайы жақсармағанын айтады. Керісінше, бірнеше айдың ішінде баланың төменгі жақ сүйегінің шамамен 60–70 пайызы зақымданған.

Кейін Астанадағы дәрігерлер балаға «төменгі жақ сүйегінің жедел одонтогендік остеомиелиті» диагнозын қойған. Осы уақытқа дейін оған сүйектің жансызданған бөліктерін алып тастау үшін екі операция жасалған. Енді баланы жақ сүйегін қалпына келтіруге бағытталған тағы бір күрделі ота күтіп тұр. Қазір отбасы емге қажетті қаражат жинап жатыр.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы жүргізген қызметтік тексеру нәтижесінде мемлекеттік стоматологияның екі дәрігеріне қатаң сөгіс берілген. Сонымен қатар емхана басшылығына анықталған кемшіліктерді жою және балаларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің сапасын бақылауды күшейту тапсырылды.

Алайда баланың ата-анасы дәрігерлерге берілген тәртіптік жазаға келіспейді. Олар медицина қызметкерлерінің әрекетіне қылмыстық-құқықтық тұрғыдан баға беруді талап етіп отыр.

Отбасының мәліметінше, баланы емдегеннен кейін медициналық құжаттарға шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат енгізілген. Осыған байланысты ата-анасы полициядан дәрігерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, медициналық құжаттарды бұрмалауы және салғырттық танытуы мүмкін деген күдік бойынша тексеру жүргізуді сұраған.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий