Ақтауда студент қыздың өлімі: ата-анасы күйеуін күдікті санайды

21.04.2026 14:32 Мөлдір Талғат
Ақтауда студент қыздың өлімі: ата-анасы күйеуін күдікті санайды
904
Фото: Lada.kz

Ақтау қаласында 24 жастағы Маржан есімді қыз пәтерінде асылған күйде табылды. Полиция бұл оқиғаны суицид ретінде тіркеп, істі жапқан. Алайда марқұмның ата-анасы бұл нұсқамен келіспей, қыздарының өліміне күйеуін күдікті деп санайды, деп хабарлайды Politico.kz.

Lada.kz сайтының мәліметінше, Маржан медициналық колледжде оқып, стоматолог мамандығын алуға дайындалып жүрген. Оның алдағы жоспарлары көп болған: оқуын аяқтау, жұмыс істеу, емделу курстарынан өту және жүргізуші куәлігін алу.

Анасының айтуынша, қыз өткен жылы тұрмысқа шыққаннан кейін отбасында жиі жанжал туындаған. Күйеуі материалдық қолдау көрсетпеген, ал енесі келінін ауылға көшіп, үй шаруасымен айналысуға мәжбүрлемек болған. Соған қарамастан, Маржан оқуын жалғастырып, қосымша жұмыс істеген.

Қайғылы оқиға алдында ешқандай күмән тудырған жағдай болмаған. 31 желтоқсанда Маржан анасымен кездесіп, болашақ жоспарларын бөліскен. Алайда келесі күні оның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.

Іс бастапқыда «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қозғалғанымен, кейін тоқтатылған. Туыстары тергеу толық әрі объективті жүргізілмегенін алға тартады. Олардың пікірінше, марқұмның психоэмоционалдық жағдайы жан-жақты зерттелмеген, кейбір тергеу әрекеттері кеш жүргізілген және барлық нұсқалар толық тексерілмеген.

Маржанның жақындары оның өмірге құштар, мақсаты айқын адам болғанын айтып, суицид жасауы мүмкін емес деп есептейді. Қазіргі таңда отбасы істі қайта қаратып, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етуде.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий