Ақтауда жаңа жылдық безендіруге 80 млн теңге бөлінді

22.11.2025 13:26 Айсұлу Мұрат
Ақтауда жаңа жылдық безендіруге 80 млн теңге бөлінді
0
25
lada.kz

Ақтау қаласының әкімдігі алдағы жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіруге 80 млн теңге бөлгенін хабарлады. Бұл сома өткен жылғы шығыннан төмен, деп хабарлайды POLITICO.KZ Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, 2025 жылы облыс орталығын мерекелерге дайындау жұмыстары елордадан келген мердігер компанияға жүктелген. Келісімшарт бойынша компания жыл ішінде әр мемлекеттік мереке қарсаңында баннерлер орнату, перетяжкалар ілу, тақырыптық тулар салынған себеттер дайындау, сондай-ақ шағын сәулеттік нысандарды (МАФ) орналастыру жұмыстарын атқарады.

Дәл осы компания Ақтаудың жаңа жылдық безендірілуін де жүзеге асырады. Биыл қалада бұрын сатып алынған биіктігі 20 метр болатын екі жасанды шырша қайта орнатылады. Шыршалар жарық гирляндаларымен және ойыншықтармен әсемделеді. Олар жыл сайынғы дәстүр бойынша 15А шағынауданындағы амфитеатр алаңына және 19А шағынауданындағы Әбіш Кекілбаев музейінің алдына қойылады.

Мерекелік аймақта жаңа жыл тақырыбындағы шағын сәулеттік композициялар мен фотозоналар орнатылады. Сонымен қатар көшелер, ағаштар, гүлзарлар және қала бойындағы бұталар жаңа гирляндалармен жарықтандырылады.

Безендіру жұмыстары 17–24 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Ал барлық сәндік элементтерді алу 2026 жылғы 15 қаңтарда жоспарланған.

Әкімдік биыл қолданылатын әшекейлердің басым бөлігі қайта сатып алынғанын атап өтті. Өйткені бұрынғы декор үлгілері ескіріп, жаңартуды қажет еткен. Жалпы шығын көлемі шамамен 80 млн теңгені құрайды.

Басылым мәліметінше, 2024 жылы Ақтауды жаңа жылға безендіруге 98,4 млн теңге жұмсалған. Ол қаржыға екі жаңа алып шырша, бірнеше МАФ нысаны, жарықдиодты шамдар, гирляндалар сатып алынып, ескі құрылымдар жаңғыртылған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий