Ақтөбе облысында 13 жастағы оқушының денесі сарайдан табылды
Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Кенқияқ ауылында мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Оның денесін 21 сәуір күні кешке ата-анасы үй маңындағы шаруашылық құрылыстан тапқан, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім екінші ауысымда оқыған. Таңертең анасы жұмысқа кеткен, ал мектепте оның сабаққа келмегені анықталған. Мұғалімдер оқушыны іздей бастаған, кейін ата-аналар мен мектеп қызметкерлері де жұмылдырылған. Біраз уақыттан соң жасөспірімнің мәйіті өз үйінің жанынан табылды.
Темір ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы бұл іске байланысты барлық нұсқалар, соның ішінде буллинг ықтималдығы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мектептегі сауалнамада «буллинг бар ма?» деген сұраққа нақты теріске шығарылмаған жауап берілген.
Оқиға күні сынып жетекшісі сағат 14:15 шамасында оқушының телефонына хабарласқан. Телефонды әкесі көтеріп, баласының мектепке кеткенін айтқан. Осыдан кейін ғана жан-жақты іздеу жұмыстары басталған.Жасөспірім толық отбасында тәрбиеленген: әкесі – мұнай саласының қызметкері, анасы – мұғалім. Отбасында төрт бала бар, марқұм – екіншісі. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ол белсенді, мектеп өміріне араласқан, соңғы уақытта ат спортымен айналыса бастаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Мектеп ішінде қызметтік тексеріс басталды. Білім бөлімі бұл іске балалардың құқықтарын қорғау органдары, омбудсмен, мектеп әкімшілігі мен педагогтар тартылғанын хабарлады. Сонымен қатар, оқушыларға психологиялық қолдауды күшейту және қауіпсіздік шараларын арттыру жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар