Ақтөбеде 66 жастағы қария 35 мың теңге зейнетақымен күн көріп жүр

Ақтөбеде 66 жастағы қария 35 мың теңге зейнетақымен күн көріп жүр
Фото: Бейнеден кадр

Ақтөбеде балдаққа сүйеніп жүретін 66 жастағы қария күн сайын орталық базарға барып, жұрттың салмағын өлшеп ақша табады, деп хабарлайды Politico.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, Владимир Костенконың ай сайын алатын зейнетақысы небәрі 35 мың теңге. Оның өзі бір аптаға әрең жетеді.

Қарияның басындағы жалғыз баспанасы да өзінікі емес. Ол қаладағы ескі саяжайлардың бірінде тұрады. Үйде газ да, су да жоқ. Қыста пеш жағып жылынады.

Владимир Костенко өмірінің көп бөлігін жалғыз өткізген. Бірнеше рет үйленген, балалары да бар. Бірақ олармен араласпайды.

– Балаларым бар. Бірақ мен оларды танымаймын, олар мені танымайды. Оларсыз өмір сүруге үйреніп кеттім, – дейді қария.

Туған қарындасы баяғыда Ресейге көшіп кеткен. Владимирдің өзі де бір кезде сол жаққа қоныстанбақ болған. Алайда кейін Ақтөбеге оралыпты. Барар жері болмаған соң, таныстары ескі саяжай үйін паналауға берген.

Бастапқыда бұл үйдің есік-терезесі де болмаған. Іші қоқысқа толып, пеші қирап жатқан. Кейін мешіттен келген азаматтар пешін жөндеп беріпті. Көршілері, саяжай бірлестігінің төрағасы мен еріктілер де көмектескен. Бірі азық-түлік әкелсе, енді бірі отын тауып береді.

Ал 35 мың теңге зейнетақы тамақ пен күнделікті қажетті заттардан артылмайды. Сондықтан Владимир көмір сатып ала алмайды. Қыста тоңбау үшін жаздан бастап отын жинайды.

Денсаулығы да мәз емес. Балдақсыз жүре алмайтын қария көктемде ота жасатуға дайындалып жүр. Соған қарамастан күн сайын орталық базар маңына барып, таразысын қояды. Өтіп бара жатқан адамдар салмағын өлшетіп, қалтасындағы ақшасын береді.

Бірде күтпеген жерден жомарт азаматқа жолыққанын да айтып берді.

– Таразымен отырғанмын. Қара түсті жол талғамайтын көлік тоқтады. Ішінен бір қазақ жігіті түсті. Шаруасымен барып келді де, маған жақындап: «Аға, сізде Gold бар ма?» деп сұрады. Менде қайдағы Gold, телефонымның өзі ескі дедім. Сөйтіп, маған 90 мың теңгеге телефон сатып алып берді. Оның үстіне шотыма 20 мың теңге салды. Алла разы болсын! – дейді Владимир Костенко.

Қазір еріктілер қария тұратын үйді жөндеуге дайын. Бірақ бір түйткіл бар. Саяжай жерінің нақты кімге тиесілі екені белгісіз. Ертең заңды иесі табылып, үйді босатуды талап етсе, қарияның барар жері жоқ.

– Ертең үйдің иесі шыға келсе, ол кез келген уақытта далада қалуы мүмкін. Сондықтан алдымен бұл үйдің кімге тиесілі екенін анықтау керек. Біз үшін ең маңыздысы – өмірінің соңына дейін баспанасыз қалмауы, – дейді ерікті Зауреш Андақұлова.

Ал әкімдік әзірге бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Шенеуніктер алдымен оқиға орнына барып, құжаттарды тексеру керегін айтқан. Алайда оған әзірге уақыт таппаған.

Саяжай бірлестігінің төрағасы болса, жердің иесі анықталмаса, Владимир Костенконың осы үйде тұра беруіне болатынын жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу