Ақтөбеде белгілі дәрігер 53 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды
Ақтөбеде 40 жылдан астам уақытын медицинаға арнап, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған белгілі дәрігер алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Мемлекеттік наградамен марапатталған бұрынғы бас дәрігердің 53 миллион теңгені қалай жымқырғаны сотта белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Сот алдында Ақтөбедегі №3 емхананың бұрынғы бас дәрігері Жанвек Нармұхамедов жауап берді. Ол «Медина Клиник» ЖШС медициналық мекемесінің нақты иесі әрі басшысы болған.
Сот материалдарына сүйенсек, аталған клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан. Соған сәйкес емхана тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, дәрігерлік тексерулер жүргізіп, белгілі бір топтағы азаматтарды профилактикалық тексеруден өткізуі тиіс болған. Бұл қызметтерге мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ақша бөлінген.
Алайда тергеу мәліметінше, Нармұхамедов осы қаржыны заңсыз иемденудің жолын тапқан. Ол клиниканы сенімгерлік басқаруға туыстарының біріне беріп, кейін сол адамның және мекеме директорының бұл мәселелерден жеткілікті хабарсыз екенін пайдаланған.
Дәрігер басқа медициналық ұйымдардың жолдамасымен қызмет алған науқастар туралы мәліметтерді бақылап отырған. Содан кейін «DamuMed» ақпараттық жүйесіне көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған деректер енгізген. Кейбір қызметтер қағаз жүзінде ғана көрсетілсе, енді біреулері бұрын жасалған тексерулерді қайталау арқылы тіркелген.
Осы жалған мәліметтердің негізінде атқарылған жұмыстар туралы құжаттар мен төлем тізілімдері жасалып, қордан «Медина Клиник» есепшотына миллиондаған теңге аударылған.
Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, Нармұхамедов осындай жолмен 53 миллион 117 мың теңгені иемденіп, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.
Сотта дәрігер кінәсін толық мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды түгел өтеген. Сондай-ақ прокуратурамен кінәсін мойындау туралы процестік келісім жасасқан.
Сот Жанвек Нармұхамедовті 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Бір қызығы, сотталған дәрігерді ақтөбеліктер өз ісінің білікті маманы ретінде таниды. Ол медицина саласында 40 жылдан астам еңбек еткен. Қарапайым емхананың жанынан көз микрохирургиясы орталығын ашып, онда катаракта, глаукома және басқа да көз ауруларына шалдыққан науқастарға жыл сайын 600-ге жуық ота жасалуына жағдай жасаған.
Коронавирус пандемиясы кезінде ауруханалар науқасқа толып кеткенде, Нармұхамедов өзі басқарған емхананың жанынан стационар ашу туралы шешім қабылдаған. Сол жерде 1400 адам емделіп шыққан.
Дәрігердің еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланған. Ол «Құрмет» орденімен марапатталған.
Жанвек Нармұхамедов Ақтөбедегі 12-шағынауданда орналасқан №3 емхананы 14 жыл басқарған. Биыл қыста оны ұжымы құрметпен зейнетке шығарып салған. Сол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев дәрігерге алғыс айтып, мамандығына адалдығын ерекше атап өткен еді.
Енді сол дәрігер алаяқтық ісі бойынша сот үкімін естіп отыр. Дегенмен үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар