Ақтөбеде бес баланың анасы сотталып кетті

25.06.2026 18:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ақтөбеде бес баланың анасы сотталып кетті
175
Фото: magnific.com

Ақтөбеде Instagram арқылы заңсыз лотерея ұйымдастырып, 14,5 млн теңге пайда тапқан 31 жастағы көпбалалы ана 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Сот барысында анықталғандай, әйел 2024 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың ақпанына дейін лицензиясыз ойын өткізген. Ол арнайы парақша ашып, қатысушыларды WhatsApp арқылы жинап отырған. Билет құны 380 теңге болған әр ойынға 149 билет сатылып, ұйымдастырушы 20 минуттық тікелей эфирден 56 мың теңгеден астам табыс тауып тұрған.

"Instagram ойын алаңы ретінде пайдаланылған, жалпы табыс көлемі 14 541 340 теңгені құрады және бұл қаражат мемлекет пайдасына өндірілуі тиіс", — деді прокурор Айбек Шоқпаров.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, кәсіпкер ретінде тіркелгендіктен бұл әрекетін заңды деп санағанын және ай сайын салық төлеп келгенін жеткізді.

"Мен жасаған ісіме өкінемін", — деді айыпталушы.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда оның 14 жасқа толмаған 5 баласы, оның ішінде 3 жасар егіздері болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сот шешімімен әйелден мемлекет пайдасына 14,5 млн теңге өндірілетін болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий