Ақтөбеде күйеуін өлтіріп алған әйел сот залынан босатылды

25.02.2026 09:42 Мөлдір Талғат
Ақтөбеде күйеуін өлтіріп алған әйел сот залынан босатылды
866
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы Ксения Седова сот залынан босатылды,деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға өткен жылдың көктемінде болған. Тергеу дерегінше, әйел жазғы үйде ас дайындап жатқан кезде мас күйде келген жұбайымен жанжал туындаған. Жанжал барысында ол күйеуіне екі рет пышақ жарақатын салған. Ер адам алған жарақатынан көз жұмды.

Алғашында Седова «Адам өлтіру» бабы бойынша күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін іс «Жан күйзелісі (аффект) жағдайында жасалған адам өлтіру» бабына қайта сараланып, ол амнистияға ілініп босатылған.

Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты өзге өңірдің жеке сарапшысына жүгініп, мемлекеттік сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына күмән келтірген. Маманың пікірінше, Седова қылмыс жасаған сәтте физиологиялық аффект жағдайында болмаған. Осыдан кейін 2025 жылдың қазан айында әйел қайта қамауға алынды.

Сот процесі барысында отбасының тұрмыстық жағдайына қатысты ауыр жайттар белгілі болды. Айыпталушы күйеуінің алкогольге әуестігінен жиі жәбір көргенін, бірнеше рет полицияға жүгінгенін айтқан. Қайғылы күні де соққыға жығылғаны анықталған.

Бастапқыда ол істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұрағанымен, кейін бұл өтінішінен бас тартты. Сотта өз әрекетін кәмелетке толмаған қызын және өзін қорғау мақсатында жасағанын мәлімдеді.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Седованы аффект жағдайында адам өлтіргені үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда амнистия қолданылып, ол сот залынан босатылды.

Сот үкімі шығарылардың алдында өзге өңірлік сарапшының қорытындысы процессуалдық талаптар өрескел бұзылғандықтан, оның ішінде айыпталушыны жеке тексермегені үшін дәлел ретінде жарамсыз деп танылды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий